Криптовалютамен садақа алатын мешіт бас айналдырар табысқа кенелді
|
Естеріңізде болса, осыдан бірер ай бұрын Лондон қаласының шығысында орын тепкен бұл мешіттің осындай тың бастамасы туралы хабарлаған едік. Яғни, қасиетті Рамазан айында садақаны криптовалюта түрінде алатынын хабарлаған болатынбыз. Нақтырақ айтқанда, Шэклвелл Лэйн мешіті садақаны биткоин және этериум түрінде қабылдайтыны туралы жазғанбыз. Сол кезде осынау мұсылмандар үйінің жетекшісі Еркін Гүнейдің түскен қаражатты мешітті жөндеуге, тұрмысы төмен отбасылардың жерлеу рәсімдеріне, мешіт орналасқан аудандағы үйсіз-күйсіздерге жұмсалатынын мәлімдеген болатын. Қасиетті Рамазан айында криптовалюта түрінде қабылданған садақа сол елдің ақшасына шаққанда 13 983 фунт стерлингке жетті. Ал салыстырып көрелік: қолма-қол ақша түрінде түскен садақа 3460 фунттан аспаған еді. Бұл жайында Bitcoinist.com ақпарат көзі хабар таратты. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Ұлыбританиядағы түрік диаспорасы басқаратын аталмыш мешіт алғашқыда осындай бастама көтергені үшін криптовалютаны ақша деп есептемейтін әрі "харам" деп танитын консерваторлар тарапынан сынның астында қалған болатын. Жаңалыққа жатырқай қарағанымен жамағат бұл бастаманы іліп әкетіп, игі іске айналдыра білді.