Кремль тәліптерді АҚШ-қа қарсы пайдалануы мүмкін бе
|
Ресейлік "Апта аргументі" деп аталатын ақпарат көзі таратқан хабарға қарағанда, Ауғанстандағы тәліптер қозғалысын РФ аумағында террористік ұйым ретінде танитын тыйымның күшін жоймақшы. Бұған АҚШ билігінің жарияға жар салмай тәліптер қозғалысының жетекшілерімен өзара әрекетке баруға талпыныс жасауы түрткі болған. Дәлірегі, Катар астанасы - Доха қаласында АҚШ-тың мемлекеттік департамент деңгейінде тәліптер қозғалысы жетекшілерімен кездесуі өткізген. (Бұл кездесудің қаншалықты нәтижелі болғаны және қандай мәселелер бойынша сөз қозғағаны турасында ақпарат жоқ). Осы орайда естеріңізге сала кетсек, тәліптер қозғалысына қатысты таратқан бірнеше хабарымызда тәліптер қозғалысы ауған жерінде жергілікті халық үшін америкалық басқыншылардан азат етуші күшке айналғаны және әлемдік державалар бұл қозғалысты өздерінің саяси мүддесі мен мақсатына қарай террористер қатарына жатқызып келгені турасында хабарлаған едік. Бұдан бөлек, осыған байланысты тәліптер қозғалысы сөз қозғалғанда ауған жеріндегі аталған ұйымның бірқатар елде террористік ұйым ретінде танылуына орай барынша обьективті болуға тырыстық әрі нақты фактілерге сүйеніп, беделді сарапшыларға жүгіндік. Сөз жоқ, қалай дегенмен де тәліптер қозғалысы әлемдік державалар санасатын күшке айналғанын кейінгі кезде осы қозғалысқа қарсы майдан ашқан АҚШ-пен қатар Ресей билігінің де позициясын өзгертуінен байқай аласыз. "Тәліптермен кез келген байланысқа тыйым салу өнімсіз тірлік әрі тіпті, зиянды. "РФ аумағында тыйым салынған ұйым" термині қолданыстан алынып тасталуы мүмкін. Олар біздің және одақтастарымыздың мүддесіне қайшы келмейді. "Талибан" қозғалысының өкілдері көп ұзамай Мәскеуге келуі мүмкін "Ауғанстан жөніндегі мәскеулік форматы" деп аталатын жиынға қатысуы үшін. Оларға, бәлкім, шақырту жіберілді",- деп айтылған дипломатиялық ақпарат көзі. Десе де ол аталған тыйымның күшін жою "Кабулдағы ресми америкалық режиммен қарулы күресі үшін тәліптерді қару-жарақпен жабдықтауды білдіре ме?" деген сауалға "кез келген оппозицияны қаруландыру проблемасы индивидуалды тәртіппен шешіледі" деп жауап берді әрі АҚШ-тың да аталған елде кеңестік режим орнағанда ауғандардың сол оппозициясын қаруландырып келгенін алға тартты. Қысқасы, алыстан орағытып, қалай жалтара жауап берсе де, қалай бұлталақтаса да Ресей билігінің көмейінің қалай бүлкілдейтіні белгілі болды. Ерте ме, кеш пе, тәліптер қозғалысының билік басына келетінін еріксіз мойындаған сыңай танытып отыр. РФ сыртқы істер министрлігінің екінші Азия департаментінің директоры, Кремлдің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Замир Кабулов та Орта Азия елдеріне тиіспесе, Кабулмен бейбіт келіссөз жүргізуге қарсы еместерін жеткізді. Бірыңғайда, тәліптер қозғалысы Ресей үшін америкалықтардың Орта Азиядағы ықпалына қалқан болып отырған күш.