Көрші ел алыс туыстардың да некесіне тыйым салады
|
Өзбекстан парламентінің заң шығарушы (төменгі) палатасының отбасы және әйелдер істері жөніндегі комитеті туыстар арасындағы некеге тыйым салуды кеңейтуді көздейтін отбасы кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын жариялады. Бұл жайында islam.kz порталы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызметі хабарлағандай, толыққанды, яғни, бір атадан тараған жақын туысқандармен неке қиюға салынған тыйыммен қатар, екінші, үшінші және төртінші дәрежедегі жақын туыстар арасында да отау құруға тыйым салынуы мүмкін. Бұл арада аға-інілері мен әпке-қарындастары, олардың балалары, әке мен шешенің іні-қарындастары, олардың балалары, ата-әжесінің аға-әпкелері, олардың балалары, т.б. арасында шаңырақ көтеруге салынатын тыйым турасында сөз болып отыр. Өзбекстанда 2021 жылдан бастап тікелей туысатын туыстар арасындағы, сондай-ақ, асырап алушылардың балалары мен асырап алынған балалар арасындағы некеге рұқсат етілмейді. Егер медициналық-генетикалық талдау (ДНҚ сынағы) нәтижесі оң нәтиже берсе, некеге рұқсат етіледі. Сонымен қатар, некеге тұрғанға дейін медициналық тексеруден өту тәртібін бұзғаны үшін, яғни, некелеспен тұрып медициналық тексеруден өтпегендер жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Өзбекстанда жақын туыстары құрған отбасында кемістігі бар кемтар балалар мен тұқым қуалайтын ауруы бар балалар саны артып кеткен. Атап айтқанда, осы жылдың айналдырған бес айында республикалық педиатриялық орталықтың бөлімшелеріне ауыр тұқым қуалайтын аурумен 6660 бала жатқызылды; бұл балалардың ата-анасының 28,9 пайызы бір-біріне жақын туыс. Түрлі дерек көздеріне сүйенсек, Өзбекстанда ауылдық жерлердегі некелердің төрттен біріне дейін туысқан отбасылар арасында қиылған, ал қалалық жерлерде әрбір 10-шы ерлі-зайыптылардың арасында туыстық қатынас бар.