Көп ұзамай Қытай газ нарығында төңкеріс жасайды
Көп ұзамай Қытай газ нарығында төңкеріс жасайды
6 жыл бұрын 3430 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қазіргі уақытта әлемдегі газ нарығында АҚШ пен Ресей Федерациясының айы оңынан туып тұр. Десе де көп ұзамай аталмыш нарықтан аталған екі державаны Қытай ығыстыруы мүмкін. Олай дейтініміз, қытай ғалымдары тақтатас газды өндіруге көмектесетін жаңа инновациялық әдіс ойлап тапты. Бұл жайында "Әлемдік арсенал" дерек көзі ақпарат таратты. Өздеріңіз білесіздер, Қытай тақтатас газды өндіруде әлем бойынша көш бастап тұрғанын. Қытайдағы тақтатас газ қоры АҚШ пен Австралияны қоса алғанда екі елдің газ қорынан көп. Алайда, осы уақытқа дейін Қытайда газды өндіруде екі тосқауыл болды: тақтатас газ 3,5 мың шақырым тереңдікте жатты. Осы заманғы технологияның өзі оны игеруге қауқарсыз. Дәлірегі, Сычуань провинциясындағы аталмыш газды өндіру үшін 100 мегапаскалды қысымды қажет етеді. Мұндай қысымға төтеп беретін материал мен сорғы әлемнің ешбір елінде жоқ. Бұдан бөлек, тақтатас газды өндіру үшін орасан мол су керек. Судан тапшылық көріп отырған Қытай үшін су ресурсының жетіспеуі де газды өндіруге кедергі келтірген еді. Әдетте тақтатас газды өндіру үшін үлкен қысымды қажет ететін бұрғылау қондырғылары пайдаланылса, Қытай ғалымдары "энергетикалық тетік" деп аталатын жаңа технология ойлап тапты. Бұл технологияда газды өндіру үшін су емес, оның орнына аса қуатты электр тогы пайдаланылады. Яғни, қолдан басқарылатын соққы толқынмен 200 мегапаскалды қысымды тудырады. 

 

0 пікір
Мұрағат