Көмірқышқыл газын ауаға таратын емес, керісінше сіңіріп алатын зауыт іске қосылды
Көмірқышқыл газын ауаға таратын емес, керісінше сіңіріп алатын зауыт іске қосылды
8 жыл бұрын 3320 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Швейцариялық Climeworks компаниясы жер бетіндегі көмірқышқыл газын сорып алатын аса ірі алғашқы коммерциялық зауытты іске қосты. Бұл жайында Science News ақпарат көзі хабар таратты. Аталмыш зауыт Цюрих қаласының маңында орналасқан. Көмірқышқыл газын соруы үшін ауаны тікелей қарпып, тазалайтын DAC (Direct air capture) технологиясы қолданылады. Ол талшықты әрі кеуекті болып келетін сүзгі материалдан жасалған. Ал бұл материалға арнайы химиялық зат (аминмен – көмірқышқыл газымен байланыстырылатын аммиактан пайда болатын) сіңдірілген. Міне, осы сүзгіден өткен ауа көмірқышқыл газынан тазарады. Біз сөз етіп отырған зауыт бір жылдың ішінде 900 тонна газды жинап алуға қауқарлы. Сөз реті келгенде айта кетейік, жылына адамдар атмосфераға 40 млрд тонна парникті газ шығарады. Сарапшылар бұл жобаға түрлі пікір білдіріп отыр. Кейбіреулер, дәлірегі, 2015 жылы АҚШ-тағы Ғылым, инженерия және медицина ұлттық академиясы оның тиімділігіне күмәнмен қарап, адамзаттың ауаға парникті газды бөлуін бәсеңдете алмайды деп санаса, енді біреулері мұндай зауыттарды көптеп салуды жақтап отыр. Осыған қарамастан Climeworks компаниясының бұл жобасына Швейцарияның энергетика федералдық басқармасы мен Еуроодақ қолдау білдіріп отыр. Сондай-ақ, бұл жоба Virgin Earth Challenge конкурсының жеңімпазы атанды. 

0 пікір
Мұрағат