Клондалған иттер полициядағы қызметін бастады
|
Бейжің полициясы алты клондалған итті қызметке алды. Бұл жайында қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігі хабар таратты. Дәлірегі, Бейжің басшылығының қоғамдық қауіпсіздік бюросының жанындағы полициялық иттер бекетіне қабылданды. Нұсқаушылар клондалған иттерге бейдж бен қарғыбау тағып, униформа кигізді. Полиция шендісі Ма Цзиньлэяның айтуынша, итті клондау өз кезегінде гендік деңгейде көрнекті полиция иттерінің жасағын құруға септігін тигізбек. Полицияға қабылданған алты ит екі полиция итінің терісінің титтей пұшпағынан өсірілген еді. Бұл клондалға иттер осы жылдың тамыз айында қызметтік иттер бекетінде дүниеге келген болатын. Олардың ДНК-сы донорына сәйкес келеді. Ма Цзиньлэяның сөзіне қарағанда, клондалған иттер төрт айлығынан бастап жадысы, батылдығы, т.б. қасиеттері бойынша алты айға толған кәдімгі иттер деңгейінде қабілетін танытады. Полиция иттерін арнайы машыққа жаттықтыруға біршама уақыт кететіндіктен шығыны көп. Ал клондалған иттерді жаттықтырып жатпайсыз, дайын күйінде қызметке ала беруге болады. Бұл турасында осыдан 3 ай бұрын жазғанбыз (қараңыз: «Клондалған мысықтар жаппай саудаға шығарылып жатыр», сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/klondalgan-mysyqtar-jappai-saudaga-shygarylyp-jatyr-12282/#gsc.tab=0). Естеріңізде болса, клондалған жануарлар арасында клондалған түйенің буаз болып, төлдейтіні турасында да осыдан аттай 5 жыл бұрын айтып кеткенбіз (қараңыз: «Әлемде тұңғыш рет клондалған түйе жуырда төлдейді», сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/januarlar-alemi-alemde-tungysh-ret-klondalgan-tuie-juyrda-toldeidi-2050#gsc.tab=0).
Осы орайда tengrinews.kz ақпарат көзінде арияланған мына бір қызықты деректі келтіре кетуді жөн көріп отырмыз: «2018 жылдың 19 желтоқсанында Қытайдың Куньмин қаласында клондалған күшік дүниеге келді. Sinogene Biotechnology биотехнологиялық компаниясының ғалымдары детектив иттің клонын жасаған. Экспериментке ұшыраған жеті жастағы ұрғашы иттің аты - Хуахуанма. Ол - кунминдік овчарка. Өткен ғасырдың ортасында бұл иттің тұқымын қасқыр және неміс овчаркасын будандастыру арқылы дүниеге әкелген. Бұл ит тұқымын әскери қызметке пайдалану үшін өсіріп шығарған. Хуахуанма осы уақытқа дейін 12 адам өлімі мен 20-ға жуық аса қауіпті қылмыстық істің ашылуына көмегін тигізген. Оны әлемдегі ең иіс танығыш ит деп атайды. Ол бірнеше рет марапатталған».
«Биотехнологиялық компанияның бас директорының орынбасары, аға зерттеуші Ван Цзюшэн компания сайтында бұл экспериментке байланысты өз ойын білдірген: "Иттерді клондаудың бұл бірінші эксперименттері. Яғни тәжірибе әлі жүргізіліп жатыр. Бірақ біз 10 жылдың ішінде иттерді көптеп клондау технологиясын дамытып, оны бір ретке келтіреміз деп жоспарлап жатырмыз. Оған қоса клондалған иттер өздерінің тінтуші қасиеттерін сақтап қалуы қажет. Куньсюнның тууы бізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Яғни біз полиция иттерін тез арада баптауға жақсы мүмкіндік жасаймыз. Ендігі кезекте біз олардың ұрпағын сақтайтын банктер жасауды жоспарлап жатырмыз. Ол банктерде соматикалық жасушаларды 50 жыл сақтауға болады", - дейді ғалым».
«Қытайлықтардың мұндай биотехнологиялық шараға жүгінуіне бірнеше себеп бар. Мемлекеттің Қоғамдық қауіпсіздік министрлік өкілдері мұндай иттерді дайындауға 4-5 жыл кететінін мәлімдеген. Оған қоса оларды баптауға 30 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалады екен. Сол үшін олар клондау арқылы қысқа уақытта қылмысты ашуға көмектесетін иттерді дайындауды жоспарлап жатыр».