Кинематографияда исламофобия белең алып тұр
|
Оңтүстік Калифорния университетіндегі Анненберг инклюзия бастамасының (Annenberg Inclusion Initiative) зерттеушілері Америка Құрама Штаттарындағы мұсылмандардың бейнесі бұқаралық ақпарат құралдары мен кинематографияда мүлдем жағымсыз жағынан сомдалатынын анықтады - теледидардағы мұсылман кейіпкерлерінің 30%-дан астамы жауыз бейнесінде берілсе, ал 40%-ы зорлық-зомбылық пен түрлі шабуылдардың құрбаны болған. Бұл жайында islam.kz порталы Siasat ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл тарапта таяуда арнайы жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, мұсылмандар адамзаттың 25%-ын құраса да танымал теле-бағдарламалар мен кино индустриясындағы олардың үлесі 1,1%-дан аспайтын болып шықты. Зерттеушілер 2 негізгі тенденцияны (үрдісті) анықтады – кинематографияда және бұқаралық ақпарат құралдарында мұсылман ер-азаматтары агрессор ретінде, ал мұсылман әйелдері құқығы тапталған шарасыз жандар ретінде берілген. Анненберг бағдарламасының баяндамасында: «Мұндай стереотиптер (жалған түсініктер) мұсылмандарды қоғамнан оқшаулайды», - деп айтылған.