Ким Чен Ынның режимі күйрей ме?
|
1990-шы жылдары диктатуралық режим үстемдік еткен Солтүстік Кореяда, дәлірегі, Корей халық-демократиялық республикасында бірнеше жылға созылған аштықтан шамамен 600 мың адам опат болған еді. Сол кезде батыс елдерінің ақпарат құралдары аталмыш елдегі коммунистік режимнің күні батуға таяу қалғаны турасында жарыса жазған болатын. Арада табаны күректей 20 жыл өтті. Ким әулеті әлі күнге миығынан күліп, елді "ерттеп мініп" отыр. Әлі күнге өз халқын ғана емес, күллі әлемді үрей уысында ұстап отыр. Жаппай қырып-жоятын қаруымен. Десе де америкалық сарапшылар Корей түбегіндегі режимнің күйрейтін күні алыс емесін алғы тартып отыр. Америкалық сарапшыларға сенсек, алдағы он шақты жылды ішінде аталған елдегі коммунистік режим құлауы мүмкін. Солтүстік Корея режимінің әлі күнге тырмысып, тірмізіктеніп, "тірі" келе жатқаны талайды таңқалдыруда. Десе де оған таңданатын түгі жоқ: диктатураның халықты бір шыбықпен жусатып, өргізуі үшін қандай да болмасын қатаң шараларға баруға дайын, атап айтқанда, азаптаушы-концентрациялық лагер, қудалау, т.б., бұдан бөлек, "адамзатқа қарсы қылмысы" үшін айыптайтын, сынға алатын әлем қауымдастығынан ығатындай емес, қолында ядролық қаруы бар, оның үстіне, санкция астында қалса да экономикалық ресурсқа жолы ашық. Бұл жайында Джейми Метцл есімді америкалық сарапшы The National Interest ақпарат көзіне берген сұхбатында мәлім етті. Оның айтунша, КХДР-ге осы үш элементтің өзі жеткілікті "өмір сүруі үшін". Десе де осы үш элементтің үшеуінің арасындағы қайшылық бәрібір аталған елдегі коммунистік режимнің түбіне жетпей қоймайды. Талдап, тарқатып айтсақ, Парсы шығынағындағы Иракқа Саддам Хұсейннің пәрменімен ядролық қару құрастыруда деген желеумен АҚШ басып кіргенде Солтүстік Корея өзінің ядролық бағдарламасын барынша тездетіп орындауға кіріскен еді. Осы уақыт аралығында солтүстік кореялықтар үш рет ядролық қару сынағын өткізіп үлгерді Бұдан бөлек, суасты кемесінен баллистикалық зымыранын да сынақтан өткізді. Ол ол ма, шағын ядролық бомба жасауға талпынды. Десе де Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына тек батыс елдері ғана емес, сонымен қатар, АҚШ-пен қырғи қабақ әрі Солтүстік Кореяның негізгі экономикалық әріптесі Қытай да қырын қарап отыр. Қытай билігі іргесіндегі елдің ядролқ қаруға ие болғанын қаламайды. Бұдан бөлек, солтүстік кореяның ядролық бағдарламасын желеу еткен америкалықтардың өз шекарасына жақын келгенін де құп көріп отырған жоқ. Қытай қауіпсіздігі үшін әрі әлем қауымдастығының "Қытай қолдау білдіріп отыр" деген жамантты болмасы үшін. Қытай Солтүстік Кореяны 90% энергиямен қамтамасыз етіп отыр. Айдаладағы АҚШ-қа қарағанда Қытайдың қас-қабағы маңызды. Солтүстік кореялықтар үшін. Бұл тығырықтан шығатын Солтүстік Корея билігі үшін жалғыз жол бар: ол - елде экономикалық реформалар жүргізу. Яғни, кәсіпорын басшыларының жұмысшыларды ынталандыруға бағытталған материкалдық көтермелеу, жалақыны тағайындау, көтеру, т.б. құзыретін кеңейтуге, ал фермерлерге астықтың көп бөлігін өзінде қалдыруға рұқсат беру. Алайда, мұндай реформа саяси өзгерістерсіз жүзеге аспайтынын айта кету керек. Ақпаратқа оңай қол жеткізу, адамдардың және тауарлардың емін-еркін қозғалысы - экономикалық реформаның негізгі элементтері. Жабық қоғамда мұны жүзеге асыру үшін саяси ерік-жігер керек. Яки сыртқы ақпаратсыз тұмшалап ұстау диктатуралардың қашағы әдісі. Көзі ашылға халық билікк қауіпті. Саяси өзгеріс орын алса, бұл ең алдымен режимнің күйреуіне алып келетіні сөзсіз. Өз басына қауіпті мұндай қадамға Ким Чен Ынның дәті бара ма? Гәп сонда. Десе де мұндай қадамға бармаса, тығырықтан шығар басқа жол жоқ. Ким Чен Ынның режимі күйресе, аштықтан, қатаң биліктен мезі болып титықтаған солтүстік кореялықтар еркін тыныс алып, оңтүстік Кореямен бірігуі мүмкін. Оңтүстік Кореяның мемлекеттік басқару жүйесіне өтіп, экономикалық моделін қабылдайды. Солтүстік Кореяда ресурс бар, ал оңтүстік Кореяның технологиялық мүмкіндігі жоғары. Екі Корея біріксе, дамудың даңғылына түсері сөзсіз.