Кибербуллинге қатысты заң қатайтылды
Кибербуллинге қатысты заң қатайтылды
3 жыл бұрын 1145 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Жапония парламенті кибербуллинг туралы заң талаптарын қатаңдатты. Бұл жайында islam.kz порталы CNN ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұдан былай интернетте тіл тигізіп, балағаттағандар немесе әлеуметтік желі пайдаланушысының ар-ожданына қол сұққандар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 300 мың йенге (жапондардың ұлттық валютасы – ред.) айыппұл төлейді. Аталмыш заңға мұндай түзету енгізуге реалити-шоу жұлдызының қоғамды бей-жай қалдырмаған суициді түрткі болды. Осы уақытқа дейін күншығыс елінде кибербуллинг үшін жаза 10 мың иен айыппұл салумен немесе 30 күнге дейін абақтыға жабумен шектелетін. Бұл заң жобасы қоғамда қызу талқыға түскен болатын: наразылық білдірушілердің уәжі бойынша билік реалити-шоу жұлдызының өлімін желеу етіп, сөз бостандығын шектегісі келеді, яғни, заңды цензура құралына айналдыруды көздейді. Осы қызу талас-тартыстың соңы тараптардың заң талаптарының сөз бостандығына қалай әсер ететінін үш жыл мерзімде бағалап көруге келісті. Егер кері әсерін тигізсе, заң қайта қарастырылады. Хан Кимур есімді 22 жастағы Terrace House реалити-думанының жұлдызы интернеттегі ар-намысына тиетін жазбадан кейін өз-өзіне қол жұмсаған екен. Оның табынушылары қоғамды шу шығарып, жұлдыздың ажалын интернеттегі жүгенсіз әрекеттен көрген болатын.

0 пікір
Мұрағат