Келесі пандемияға себеп болуы мүмкін бактериялар мен вирустар аталды
Келесі пандемияға себеп болуы мүмкін бактериялар мен вирустар аталды
4 ай бұрын 887 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) болашақта пандемияға бастауы мүмкін ең қауіпті вирустар мен бактериялардың тізімін ұсынды. Бұл жайында islam.kz порталы Nature мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қазіргі уақытта аталмыш тізімге 30-дан астам ықтимал қауіпті қоздырғыштар, соның ішінде А тұмауы вирустары, қанды безгегі (денге) және маймыл шешегі кіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірінші кезектегі патогендерді олардың пандемия сияқты денсаулыққа қатысты төтенше жағдайды тудыру мүмкіндігіне немесе қауіп деңгейіне қарай анықтады. Соның ішінде, жұғу деңгейі, патогенділігі, сондай-ақ, екпе мен емдеу мүмкіндіктерінің шектеулілігі сияқты өлшемдер бойынша бағаланды. Ғалымдар бұл тізімді жасауға екі жылдай уақыт жұмсап, вирустар мен бактерияларды қоса алғанда патогендердің 1,6 мыңнан астам түрін зерттеді. Тізімге қандай қоздырғыштар кірген? Ең басым патогендердің қатарында коронавирустар, соның ішінде жаһандық COVID-19 пандемиясын тудырған SARS-CoV-2 вирусы бар. Тізімде, сонымен қатар, Таяу Шығыс респираторлық синдромын тудыратын MERS-CoV вирусы кіретін мербековирустар да кездеседі. Басқа қауіпті қоздырғыштарға 2022 жылы күллі әлемде жұқпалы індетке айналған маймыл шешек вирусы, сондай-ақ, А тұмауы вирусының алты кіші түрі, атап айтқанда, Америка құрама штаттардағы ірі қара малды баудай түсірген H5 қосалқы түрі жатады. Бактериялардың ішінде тырысқақ, оба, дизентерия, диарея және пневмония сияқты ауруларды тудыратын түрлері қамтылған. Бұлардан бөлек, тізімге таяуда адамдарға жұққан, кеміргіштер арқылы таралатын екі вирус және жарғанат арқылы таралатын Nipah virus-ы қосылды.

0 пікір
Мұрағат