«Кедейлер дәрігері» ақтық сапарға аттанды (фото+видео)
«Кедейлер дәрігері» ақтық сапарға аттанды (фото+видео)
4 жыл бұрын 3341 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Саналы ғұмырын кедей-кепшікті емдеуге сарп еткен, жасы 80-нен асқан Мұхаммед Мишал есімді мысырлық қарт дәрігер дүние салды. Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі мәлім етеді. Алыс-жақын шетелге танымал дәрігердің қазасына қабырғасы қайысқан жұртта қисап жоқ. Әлеуметтік желіде көңіл білдіріп жатқан ғаламтор пайдаланушыларының өзі бір қауым. Мұхаммед Мишал 50 жылдан астам уақытын қаралуға жағдайы жоқ кедейлерді тегін емдеп келген еді. Оның мұндай қадамға баруына өмірін күрт өзгерткен мына бір оқиға түрткі болған еді: сусамырдан зардап шегетін баласына инсулин сатып алуға ақшасы жоқ көп балалы анамен кездесіп қалады. Осыдан кейін ол бар ғұмырын панасыз қалғандарды емдеуге арнаймын деп іштей өз-өзіне серт берген көрінеді. Халық арасында «кедейлер дәрігері» атанып кеткен ол алдына келген науқастарды тегін емдеді, қояр да қоймай ақысын бергісі келгендерден көңілін жықпас үшін 10 фунт қана алатын еді. Ол ол ма, Мұхаммед Мишал мұқтаж адамдарға өз қалтасынан ақша шығарып көмектесіп келді. Танта қаласының кедейлер шоғырланған ауданында таңғы сағат 9-дан кешкі 21-ге дейін, яғни, 12 сағат бойы жұмыс істейтін. Оның автокөлігі де жоқ Жасы келгеніне қарамастан – 80-нен асса да жұмысына жаяу барып қайтатын. Тіпті, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ұстайтын қалта телефоны да болған емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Біріккен Араб Әмірлігінің телеарнасынан Мұхаммед Мишал туралы хабар көрсетіледі. Мысырлық дәрігердің басындағы жағдайдан құлақтанған жұрт оған қолдау көрсету үшін ақша жинайды. Соның ішінде дәрігер үшін ең ірі садақаны Gulf компаниясы береді: дәрігерге 20 мың доллар мен автокөлікті тарту етеді. Артынан аталмыш компания өкілдері Мұхаммед Мишалдың өзіне берілген ақшаны кедейлерге садақа етіп, автокөлікті сатып, оның ақшасына медициналық құрал-сайман алғанын естіп таңқалады. Бұдан бөлек, тағы бірнеше млн доллар қаражат жиналғанымен оның бәрін жетім-жесірге үлестіруді тапсырып, бұл сыйлықтан да бас тартады.

 

0 пікір
Мұрағат