Тунистің курорттық қаласы Набульдегі түнгі клубтардың бірінде ислам дұғаларынан ремикс жасап, жын-ойнақтың ортасында «азан шақырған» диджей жұрттың наразылығын тудырды. Наразы жұрт түнгі клубтағылар емес, сол жерден түсірілген видеоны тамашалаған әлеуметтік желі пайдаланушылары, деп хабарлайды Baq.kz.
Жын-ойнақтың ортасында «азан шақырған» түнгі клуб жабылып қалды (видео)
|
Набуль қаласының губернаторы Мнауар Уертани мәлім еткендей, жұртты шулатқан түнгі клуб нақты шешім қабылданғанша жабық болады. Аталмыш оқиға бойынша тергеу жұмыстары басталған.
Оның айтуынша, клубтың иесі «моральдік нормаларды бұзып, адамгершілік құндылықтарды аяқ асты еткені үшін» қамауға алыныпты.
«Діни наным мен қадір-қасиетке қастандық жасауға жол бермейміз», - деп мәлім етті Уертани.
Orbit Festival фестивалінен түсірілген видеожазбада екі еуропалық диск-жоккей бес уақыт намазға шақыратын азанның элементтері бар сет айналдырады. Бұл ролик әлеуметтік желіде үлкен дау тудырып, дүйсенбі күні фестиваль ұйымдастырушылары «Фейсбуктегі» жеке парақшасы арқылы жұрттан кешірім сұрады. Бұл әуенмен ешкімнің діни нанымына қиянат жасап, мазақ қылу ойымызда да болған жоқ деп ақталды олар.
Ал басы дауға қалған диджейлердің бірі Dax J: «Менің біреуді ренжітіп немесе намысына тиемін деген ой ешқашан болған емес», - деп мәлім етті.