Жоғарыдан пәрмен келіп еді, адам танымастай өзгерді (видео)
|
Өзбекстандағы Дустлык (Достық) ауданына қарасты қырғыздар шоғырланған Манас ауылы ел президенті Ш. Мирзеевтің тапсырмасымен бір жарым айдың ішінде, дәлірегі, айналдырған 45 күннің ішінде адам танымастай өзгерді. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы өзге елді-мекен атқамінерлеріне үлгі болсын деген ниетпен видеосын жариялаған екен. 2018 жылдың ақпан айында әбден тозығы жеткен, жолы шұрық тесік, құлаудың аз алдында тұрған ғимараттар, тағы басқа сүреңсіз көрініс соғыс кезін еске түсірген болатын. «Адамдарымыз мұндай жағдайда өмір сүріп жатқанына қараудың өзі жүрек ауырады. Қиын, ауыр, азапты болса да біз ең нашар ауылдан бастадық. Әйтпесе адамдар сенбес еді. Ешуақытта сенбес еді»,- деп мәлімдеген болатын осыдан екі ай бұрын Ш. Мирзеев. Түртіп қалсаң құлайын деп тұрған ғимараттар шынжыр табан техниканың көмегімен сүріліп, олардың орнына екі қабатты, көп пәтерлі тұрғын үйлер тұрғызылған. Манас елді-мекенінде осы заманғы талаптарға жауап беретін балалар бақшасы, спортпен шұғылданатын алаң, т.б. ашылып қоймай, жергілікті халыққа жұмыс орындары ашылды. Дәлірегі, тері мен жүн өңдеу цехы салынған. Артынан тапсырмасының қалай орындалғанын өз көзімен көру үшін келген мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніне, азық-түлік кластеріне, шұбатпен емдейтін емханаға назар аударған. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Манас ауылы ең шалғайдағы елді-мекен, онда шамамен 6,5 мың адам тұрады. Тұрғындардың дені қырғыздар.