Жер қойнауынан табиғи сутегінің мол қоры табылды
|
Америка құрама штаттарының Денвердегі геологиялық қызметі жер қойнауынан табиғи сутегінің мол қорын тапты. Бұл жайында islam.kz порталы «Science Advances» мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш кеніште 5,6 трлн тоннаға дейін сутегі қоры болуы мүмкін. Жер қойнауындағы сутегі тау жыныстарының химиялық реакциясы нәтижесінде табиғи жолмен пайда болады. Бұрын ғалымдар мұндай сутегі қорлары табиғатта өте сирек кездеседі, деп есептеп келген еді. Алайда, Албания аумағынан және Африка құрлығының батыс өңірінен табылған аса ірі сутегі қорлары бұл пайымды жоққа шығарды. Жер қойнауында сутегінің ашылмаған аса ірі қорлары болуы ықтимал, мұндағы ең басты қиындық – оларды табуда жатыр. Геологтар бұл сутегі қорын табу үшін жетілдірілген геологиялық технологияларды пайдаланған екен. Соның ішінде сутегі кенінің орналасқан орнын, мөлшерін және табиғи жолмен қалыптасу процесін қамтитын моделдер кіреді. Тау жыныстарында түзілетін сутегі қоры кем дегенде 1 млрд тоннадан 10 трлн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Олардың көбісін өндіру мүмкін емес. Дегенмен, осы жер қойнауындағы сутегі қорының екі пайызының өзі күллі әлемнің энергетикалық қажеттілігін кем дегенде 200 жыл қамтамасыз ете алады.