Жекеменшік перзентхана ашуға рұқсат берілді
|
Өзбекстан билігі жекеменшік медициналық ұйымдарға жүкті әйелдерді босандыруға рұқсатын берді. Бұл жайында UzDaily ақпарат көзі аталмыш республика президенті Шавкат Мирзеевтің тиісті қаулысына сілтеме жасай отырып хабар таратты. Десе де айы-күні жеткен аяғы ауыр әйелдерді босандыруды Дүниеүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Ана қауіпсіздігі» туралы стратегиясында қарастырылған талаптар үддесінен шыққан медициналық мекемелер ғана жүзеге асырады. Бұдан бөлек, 2020 жылдың наурыз айының 1-нен бастап ел аумағындағы денсаулық сақтау ұйымдары мен Азаматтық хал актілерін тіркеу органы арасындағы туу және өлу туралы деректерді электронды жолмен алмасу бағдарламасы жетілдірілетін болды. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Өзбекстан Орта Азиядағы туу көрсеткіші бойынша көш бастаған, демографиялық ахуалы жақсы бірден-бір ел. 2019 жылдың қараша айының 1-дегі есеп бойынша аталған ел аумағында 33,7 млн адам өмір сүріп жатыр. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың бас кезіндегі көрсеткіштен 1,3%-ға көп. Қалалық жерлерде 17 млн., ал ауылдық жерлерде 16,7 млн адам тұрып жатыр.