Жарты жылда 19 млн турист қабылдаған мұсылман елі
|
Түркияның мәдениет және туризм министрлігі жариялаған есеп бойынша аталған ел аумағына биыл 18 млн-нан аса турист келген. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 13,2%-ға көп. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, 2019 жылдың шілде айының өзінде аталған елге 5,3 млн турист келген. 2018 жылдың шілде айындағы көрсеткішке қарағанда 18,5%-ға артық. Түріктердің Anadolu Ajansı жаңалықтар қызметі таратқан хабарға қарағанда, Түркияның туристік секторынан түскен табыс өткен жылдың алғашқы жарты жылдығына қарағанда 9,9%-ға артқан – 12,6 млрд долларды құрап отыр. Түркияға келген туристер арасында Ресей, Германия және Ұлыбритания азаматтарының қарасы көп. 2019 жылдың шілде айында Ресейден келетін туристер қарасы 4,62%-ға артқан – 1 млн-нан аса адамды құраған. Ал Германиядан келетін туристер қарасы 30,29%-ға артқан - 588,5 мың адамға жеткен. Ұлыбританиядан келетін туристер қарасы 17,22%-ға артып, 359,4 мың адамды құрап отыр. Туристердің дені Анталия, Стамбұл және Едірне қалаларына ат басын тіреген.