Жапонияға барғысы келетін мұсылмандар назарына!
|
Осы бір ай ішінде Токио қаласының вокзалында намазхана ашылады. JR Хигаси Нихон теміржол компаниясы осындай шешім қабылдады. Намазхананың ашылу салтанаты шілде айының 5-і күні өтеді. Аталмыш компанияның мұсылмандар үшін жағымды жаңалық болып табылатын мұндай шешімді қабылдауына оңтүстік-шығыс Азия елдерінен келетін мұсылман туристер қарасының артуы түрткі болған. Нақтырақ айтқанда, күншығыс еліне келетін мұсылмандар саны шамамен 30%-ға артқан. Сарапшылардың есебіне сәйкес алдағы уақытта күншығыс еліне саяхаттайтын мұсылмандар қарасы артпаса, кемімейді. Және жыл сайын тұрақты түрде артып отырады. Айта кетейік, намазхана Ханэда және Нарита әуежайларында бұрныннан бар. Сондай-ақ, Жапония мұсылман елдерінен туристерді көптеп тарту үшін шариғи талаптарды ескеріп, мұсылмандарға барынша жағдай жасауда. Тарқатып айтқанда, халал туризмі бойынша әлемнің көптеген елдерінен алда келеді. Жапон қонақ үйлерінің бірқатарында құбыланы, намаз уақытын көрсететін құрылғылар орнатылған. Бұған қоса, шариғат талаптарына сай тағам әзірлейтін асханалар мен мейрамханалар көбейіп келеді. Өткен, яғни, 2016 жылы күншығыс еліне сапар шеккен туристердің жалпы саны 24 млн-нан асқан екен. 2020 жылға дейін жоспарлаған көрсеткіштен асып кеткен. Нақтырақ айтқанда, жапондардың туризм жөніндегі ұлттық ұйымы келтірген мәліметке қарағанда, өткен жылдың өзінде бұл елге 271 000 индонезиялақ келген. Бұл көрсеткіш 2009 жылы 63 мың адамды құраған еді. Сонымен бірге, Малайзияның 394 000 азаматы аталған елге аяқ басқан. Бұл көрсеткіш осыдан жеті жыл бұрын 89 000 адамды құраған болатын.