Жапония цифрлық көшпенділер үшін жаңа виза жүйесін енгізбек
Жапония цифрлық көшпенділер үшін жаңа виза жүйесін енгізбек
11 ай бұрын 796 inform.kz Автор: Зарина Туғанбаева. Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

Жапония үкіметі жұма күні шетелдік таланттар мен «цифрлық көшпенділер» деген атпен танымал қашықтан жұмыс істейтін адамдарға жаңа виза жүйесі аясында елде ұзағырақ болу мүмкіндігін беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kyodo News ақпарат агенттігі.

Ұсынылған жүйеге сәйкес, компанияларда қашықтан жұмыс істеп жүріп, саяхатқа шыққан шетелдік азаматтар Жапонияда алты айға дейін тұра алады.

Миграциялық қызмет агенттігінің мәліметінше, бұл мерзім қысқа мерзімді туристік визаға рұқсат етілген 90 күннен едәуір ұзағырақ.

Виза алу үшін жұмысшылардың жылдық табысы 10 млн иеннен (68 200 АҚШ доллары) асуы және виза шектеулерінен босатылған және Жапониямен салықтық қарым-қатынасы бар 49 ел мен аймақтың бірінің резиденті болуы тиіс. Олардың жұбайы/зайыбы мен балаларына да елге кіруге рұқсат етіледі.

Ел үкіметі жаңа жүйені наурызда аяқталатын 2023 қаржы жылында енгізуді жоспарлап отыр.

«Әлемде 35 миллионнан астам адам цифрлық көшпенділер ретінде жұмыс істеп жүр», - деп хабарлайды Миграция қызметі АҚШ туристік компаниясының сауалнамасына сілтеме жасап.

Өткен жылдың маусым айында жапон үкіметі олардың елде болу мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастыратынын айтты.

«Цифрлық көшпенділер инновацияның қайнар көзі бола алады. Көптеген елдер оларды тартуға күш салып жатқанда, біз олардың Жапонияда да жұмыс істейтінінен үміттенеміз», - деді Әділет министрі Рюджи Коидзуми баспасөз мәслихатында.

0 пікір
Мұрағат