Жапондарға ақжарылқап күн туды?!...
Жапондарға ақжарылқап күн туды?!...
6 жыл бұрын 3875 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Таяу болашақта геосаятта түбегейлі өзгеріс тудыратын оқиға орын алды. Күншығыс елінде. Басынан бастасақ, Жапония жағалауында сирек кездесетін минералдар кенінің аса мол қоры табылды. Алдын ала есеп бойынша құнды металдар қоры кем дегенде 16 млн тоннаны құрайды. Бұл жайында ScienceAlert ақпарат көзі хабар таратты. Тақыр жерде отырып, қуатты экономикасымен, кереметке бергісіз технологиясымен әлемді таңқалдырып, аузына қаратып келе жатқан елдің келешегін кемелдендіретін бұл бас айналдырар байлық 17 эдементтен тұрады. Олардың арасында скандий, иттрий, лантан және лантаноид бар. Осы заманғы технологияға аса қажетті металдардың жапон жерінен табылуы да кездейсоқ емес шығар: технологиялық теңдесі жоқ жетістіктерімен көзге түскен елдің көктен іздегені жерден табылды. Тылсым ба дерсің. Олай дейтініміз, сирек кездесетін элементтердің химиялық және кей тұста физикалық өзгешеліктері ұқсас болып келеді: бұл феномен олардың атомдарының сыртқы электрондық деңгейлерінің біркелкі болып келуімен байланысты. Олар смартфондарға арналған аккумулятор, электромобиль платасы, т.б. секілді электрондық құрылғылар мен қондырғыларда пайдаланылады. Табиғатта сирек кездесетін металдар тобының элементтері жер қыртысының түрлі қабатында ұшырасады. Алайда, әдетте олар шашыраңқы орналасқан. Бүгінгі таңда табиғатта сирек кездесетін металдар шоғырланған бірнеше экономикалық аймақтар бар, алайда, олардың бәрі Қытай аумағында жатыр. Ел астанасы – Токио қаласынан 1850 шақырым қашық жатқан Минамитори аралындағы аталмыш кен орнында барлық сирек кездесетін металл бар. Ондағы иттрия әлемдік сұранысты 780 жылға, диспрозия 730 жылға, европия 620 жылға, тербия 420 жылға қанағаттандыруға жетеді. Қазіргі уақытта жапон мамандары сирек кездесетін металдарды игеру жоспары мен жобасын сызуда. Осылайша алтын сандықтың үстінде отырған жапондар енді ханға сәлем бермейді. 

0 пікір
Мұрағат