|
Жалғызбасты әйелдер қарасының көбеюі Рауте қауымына қауіп төндіре бастады
|
Непал аумағын мекендейтін әрі Азия құрлығындағы ең ежелгі тайпалардың бірінен саналатын Рауте қауымы экзистенциалды дағдарысқа тап болды. Бұл жайында islam.kz порталы Kathmandu Post (EKantipur.com) ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталған қауымда жалғызбасты әйелдер қарасы соңғы жылдары тым көбейіп кеткен. 2018 жылғы дерек көрсеткендей, 17 әйел бойжеткен шағында-ақ жалғыз қалған – ішімдік секілді жат әдеттен әрі шектеуі көп жергілікті ғұрыптан. Раута қауымындағы жесір қалған әйелдерге екінші қайыра тұрмыс құруға, яғни, күйеуге тиюге қатаң тыйым салынған. Бала көтеретін жаста немесе жастай жесір қалса да. Раута қауымымен тығыз қарым-қатынас жасайтын Непалдың әлеуметтік қызметтер орталығының (SOSEC) қызметкері Дурга Хатридің айтуынша, бұл тараптағы дағдарыс балалар некесінен одан ары тереңдей түскен. "Қыздарды жыныстық жетілгенін күтпей ұзатады. Егер олар күйеуінен айырылса, олар бүкіл өмірін жар төсегінсіз өткізеді", деп түсіндірді Дурга Хатри. SOSEC мәліметі бойынша жоғарыда сөз болған 17 жалғызбасты әйелдердің жасы 15-51жас аралығында. Олардың 13-і 12-13 жас аралығында, төртеуі 15 жасында үйленген. Осы әйелдердің тоғызы 15-35 жас аралығындағы жесір қалған. Мәселен, Бірталай жыл бұрын 15 жасында ұзатылған Сурман мен 12 жастағы Майо бір күнде 34 жастағы Шибаражға және 32 жастағы Дал Бахадурға тұрмысқа шықты. Алты айдың ішінде екі ер адам да ішімдікті шамадан тыс тұтынудан қайтыс болып, қыздар кәмелетке жасына да толмай жесір қалды. Бұл жат әдет пен маңызын жоғалтқан дәстүрден ең алдымен қауымның демографиялық ахуалы кері кетіп барады. Бұдан бөлек, бұл қауымның арасында балалардың инфекциялық аурулардан, жоқшылықтан шетінеуі мен өзге де себептерден балалар өлім-жітімі көп. 2018 жылдан бері қауымның қайтыс болған 53 өкілінің 25-і үш жастан жеті жасқа дейінгі балалар. “Орман королдері” деген атақпен бірегей мәдіни мұра ретінде танылған қауым жойылу алдында тұр.