Жаһандық сауда-саттыққа қатер төнді
|

Әлемдегі сауда-саттық аса маңызды теңіз сауда жолына айналған Панама өңірін жайлаған құрғақшылықтан зардап шегетін болды. Дәлірегі, Панама арнасы тартылып барады. Жылда осы уақытта кезектегі кептеліс ары кетсе 90 кемеден аспайтын, биыл кезектегі кемелер саны 140-қа жеткен. Бұл жайында islam.kz порталы The Guardian ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Панама каналының басқармасы (ACP) кемелердің күнделікті өткізу қабілетін, яғни, санын 36-дан 32-ге дейін қысқартты. Осы шектеу шарасына байланысты логистикалық компаниялар тауарларды жеткізудің балама жолдарын іздей бастады. Аталған арна маңындағы кеме кептелісінің ең жоғары деңгейі тамыз айының 10-ы күні тіркелді - 160 кеме. Бұл қиындық Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдермен және Америка Құрама Штаттарымен сауда жасайтын ірі бөлшек саудагерлер мен энергетикалық компаниялар үшін тауарды жеткізу мерзімін ұзартып, логистикалық шығындарын арттырады. Бұл жайт та бағаның өсуіне әкеледі.




