|
Жаһандық электр энергиясын өндірудегі жаңғыртпалы энергия көздерінің үлесі алғаш рет көмірден асты
|
Америкалық ғылымды дамытуға жәрдемдесу қауымдастығы (AAAS) шығаратын * Science * халықаралық, академиялық мерзімді басылымы «жылдам дамып келе жатқан жаңғыртпалы энергетиканы» 2025 жылдың «Жыл серпілісі» деп таңдады. Өйткені, жаңғыртпалы энергияны пайдалану көрсеткіші алғаш рет көмірден асып түсті. Бұл жайында islam.kz порталы THE CHOSUNILBO ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Өнеркәсіптік революциядан бері адамзат ұзақ уақыт бойы көмір, мұнай және газ сияқты қазба отынға энергия көзі ретінде арқа сүйеп келді. Биыл тарихта алғаш жаңғыртпалы энергия көзіне ауысты. Яғни, жаңғыртпалы энергия көзінен өндірілген энергия көмірден алынатын энергиядан асып түсті. Деректердің негізінде жаһандық энергетикалық жүйелердің жай-күйін талдайтын, Лондонда (Ұлыбританияда) орналасқан энергетика саласындағы Ember талдау орталығының мәліметі бойынша жаңартылатын энергия үлесі биыл алғаш рет жаһандық электр энергиясында көмірден асып түсті. Қаңтардан маусым айына дейін күн және жел энергиясын қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін жаһандық электр энергиясы шамамен сағатына 5 072 тераватты құрады. Бұл көрсеткіш осы кезеңде көмірден сағатына өндірілген 4 896 ТВт-тен асады. Көмір энергетикалық секторда атмосфераны ең қатты ластайтын энергия көзі. Бұдан басқа, қаңтардан маусымға дейін электр энергиясына өсе түскен әлемдік сұраныс күн және жел энергиясымен қанағаттандырылды. Қытай мен Үндістан әлемнің өзге елдеріне қарағанда жаңартылатын энергетиканы ұлғайтуда оқ бойы озық келедң. Әлемдегі ең ірі электр энергиясын тұтынушы ретінде Қытай бір кездері ауаны ластанудан (көміртегінің орасан зор бөлігін бөлетін ел) алдына ел салмаған мемлекет болатын. Қазірдің өзінде оның көміртегімен ауаны ластау деңгейі басқа дамыған елдердің жиынтық көрсеткіштерінен асып түседі. Алайда, соңғы уақытта жағдай өзгерді. Күн панелдері шөлді аймақтарда және Тибет үстіртінде орнатылған, ал биіктігі 300 метрге жететін жел турбиналары жағалаулар мен таулы белдеулер бойынша орналасқан. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Қытай көмірсутектік отынға негізделген электр энергиясын өндіруді 2%-ға азайтты, керісінше күн энергиясын өндіруді 43%-ға, жел энергиясын өндіруді 16%-ға арттырды. Биылғы жылдың алғашқы жартысында күн энергиясын өндірудің бүкіл әлемдік өсуінің 55%-ы Қытайдың үлесінде. Қазіргі уақытта Қытайдың күн және жел электр стансаларының қуаты бүкіл Америка құрама штаттарын электр энергиясымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Бұл жетістік мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетуінің арқасында орын алып отыр. Қытай, сондай-ақ, күллі әлемде жаңартылатын энергияның негізгі жабдықтарын шығаратын ел екенін айта кетпекпіз. Жаһандық күн батареяларының 80%-ы, жел турбиналарының 70%ы, литий батареяларының 70%-ы Қытайда өндіріледі. Ал Үндістанға келсек, бұл ел соңғы уақытта жел энергиясы өндірісін 29%-ға, күн энергиясы өндірісін 31%-ға арттырды. Соның нәтижесінде көмір және газ тұтыну 3,1%-ға азайды.