Жаһан: Сириялық босқындардың 95 пайызы Иорданияны паналаған (видео)
|
Сириядағы соғыстан қашқан мыңдаған босқын елдің Иорданиямен арадағы шекарасында күнелтіп жүр. Мигранттар шатырларды паналағандықтан, табиғаттың түрлі тосын мінезіне төзуге мәжбүр. Ал мамандар «далалық өмірде тазалық болмағандықтан, адамдар арасында жұқпалы аурулар таралуы мүмкін» деп қауіптеніп отыр. Бұл – 34 жастағы Сирия азаматы Халед Маллак. Ол әйелі мен алты баласын ертіп туған жері Дамаскіні тастап кеткен. Бүгінде «Азрак» лагерін паналаған босқындардың бірі. Айтуынша, мұнда қайырымдылық ұйымдарының жеткізетін азық-түлігін алу үшін ұзын-сонар кезекте тұратыны болмаса, ашқұрсақ емес. Халед Маллак, Сириядан келген босқын: - Осында тұрып жатқаныма үш ай өтті. Шағымданбаймын. Бірақ, жетісіп отырмыз деуге де келмейді. Әсіресе, балаларға қиын. Айналамызда тышқан мен түрлі жәндіктер өріп жүреді. Халықаралық шарт бойынша Иордания күніне 300 босқын қабылдауға келісім берген. Алайда, мұнда кіретін әрбір адам жіті тексеріледі. Себебі, Королдік билігі ағылған босқындармен бірге шекарадан лаңкестер де кіріп кете ме деп қауіптенеді. Мұхаммуд әл-Момани, Иордания үкіметінің өкілі: - «Ирак пен Левант лаңкестік тобының» осы өңірге де келуі әбден мүмкін. Сондықтан, бұл мәселеге бейжай қарай алмаймыз. Біз үшін ел тұрғындарының қауіпсіздігі бірінші орында. Иордания – соғыстан қашқан сириялықтардың бас сауғалап баратын бірінші мекені. Королдік бұл елден келгендердің 95%-ына пана болған. Қолында қаржысы болып Түркия, Еуропа асқандар да жетерлік. Бірақ, көбі осында тұрақтап жатыр. Мемлекет сырттан келгендерге көмек беруде. Бірақ, оның қашанға дейін созылары белгісіз. Себебі, Королдікке қолұшын беретін халықаралық ұйымдар кеткен шығынның жартысын ғана жабады.