Жаһан: Отыз жылдан кейінгі қауышу
Жаһан: Отыз жылдан кейінгі қауышу
8 жыл бұрын 3987

Колумбия жерінде осыдан 30 жыл бұрын көшкен лай талай отбасының шаңырағын шайқалтқан еді. Сол табиғи апат кезінде бірінен бірі көз жазып қалған апалы-сіңлілі Жаклин және Лорена Санчез жуырда ғана қауышты, деп хабарлайды CTV News. Cонау 1985 жылы Армеро қаласының маңындағы жанартаудың атқылауынан шаһарды лай басып қалды. Балшықтың астында қалып, қаладағы 29 мың тұрғынның жиырма мыңы көз жұмды. Бұл апатта ата-анасынан айырылып, жетім қалған қыздарды екі отбасы асырап алған. Сол уақыттан бері Жаклин мен Лорена үнемі бір-бірін іздеумен болған.  Олар ғаламторда Армеро қаласында болған лай көшкіні кезінде жоғалғандарды іздестіру сайтының көмегімен бірін бірі тауып алды. Әйелдердің апалы-сіңлілі екендіктері арнайы медициналық сараптама арқылы дәлелденді.

Грекиядағы мигранттар өз-өздеріне қол жұмсады

Грекия астанасы Афинаның орталық алаңында екі Пәкістан азаматы өз-өзіне қол жұмсады. Абырой болғанда, маңайда жүргендер асылып тұрған жас жігіттерді ажал аузынан аман алып қалған. Куәгерлердің айтуынша, өмірден түңілген азаматтар мойнына қыл арқанды салар алдында жанында жүргендерге «мұндай қадамға Македония шекарасына жете алмағандықтан, амалсыз бардық» деп айқайлаған. Бүгінде Грекия жерінде 20 мың мигрант барарға жер таппай сенделіп жүр. Себебі Еуропаға өтетін күре жол саналатын Македония 22 ақпан күні оңтүстік шекарасын жауып, жіті бақылау арқылы күніне 200 адам ғана өткізеді. Осыған байланысты Грекия Премьер-министрі Алексис Ципрас егер Еуропаның өзге елдері мигранттарды қабылдаудан бас тартса, Грекия босқындар мекеніне айналып отыра бермейтінін ескертті. 

0 пікір
Мұрағат