Жаһан: Министр: «Толып кеткен қызметкерлерге төзе алмаймын»
Жаһан: Министр: «Толып кеткен қызметкерлерге төзе алмаймын»
10 жыл бұрын 3718

Александриядағы Маһмұд Сайд мұражайына жұмыс сапарымен келген Мысырдың мәдениет министрі Әбдіуәхид ән-Науаи орынсыз сөйлеп, тілінен жазды. Бұл жайында Al Arabiya ақпарат көзі хабар таратты. Нақтырақ айтқанда, ол мұражай қызметкерінің толықтығын бетіне басып, ойынан келгенін айтып, лауазымды тұлғаға жараспайтын қылық көрсетті. «Мен толып кеткен қызметкерлерге төзе алмаймын»,- деді ол алғашқыда. Мұражай қызметкеріне тіл тигізіп қана қоймай, оны баспалдақпен жоғары-төмен жүргіртіп, «бұл артық салмақтан құтылуыңа көмектеседі»,- деп кекеп-мұқатқан екен. Оның шашбауын көтеріп жүрген аталмыш мұражай директоры да министрмен қосыла күліп, өз қызметкерін дүйім жұрттың алдында жығып берген көрінеді. Мүсін тақырыбында дипломы бар жас маман артынан басынан кешкенін әлеуметтік желіде баяндай келе министрдің орынсыз әрекетіне ренжігенін және қырсыққанда министрдің адамның көңіліне келетін сөзінен кейін арықтауға тырыспайтынын да жеткізіпті.  

 

Шариғат шәлісін жамылғаны үшін әділетсіздікке ұшырады

Жаңа Зеландияның апалы-сіңлілі екі мұсылманы Австралияның Брисбен әуежайында шариғат шәлісін жамылғаны үшін қалай әділетсіздікке ұшырағанын тілшілерге айтып берді. Бұл жайында  Stuff.co.nz ақпарат көзі хабар таратты. Тарқатып айтқанда, 21 жастағы Нада Тауфиқ пен оның 18 жаастағы сіңлісі Ханна аталмыш әуежайда ұшақтың ұшу уақытын күтіп отырмай ма, қауіпсіздік қызметкерлері оларды бөлімшеге апарып, кәнігі қылмыскерлерше тергеудің астына алған. Оларға дін жайында оғаш сауалдар қойып, екі сағат қамаууда ұстаған. Ол ол ма, оларға өрт шыққан кезде берілетін дабыл қағылғанда да бөлмеден шығуына тыйым салған. Онымен қоймай, олардың қалта телефондарын алып, рұқсатсыз ондағы бейнежазбалар мен фотосуреттерді, хабарламаларды қараған. Қайталап айтамыз, тексеру үшін емес, ермек етіп қараған. Біреудің қалтасына қол салғандай қауіпсіздік қызметкерлерінің бұл әдепке сыймайтын әрекетіне жайбарақат қарап отыра алмаған апалы-сіңлілі екеуі табандап сұраған соң ғана телефондарын өздеріне қайтарған. Апалы-сіңлілер Жаңа Зеландияның Крайстерч қаласында денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін әкесіне сыйлық тапсыру салтанатына бет алғанда, міне, осындай әділетсіздікке тап болды.  

 

Шіркеу мұсылмандарға доқ көрсеткен нашақор священниктен теріс айналды

Ресей Федерациясындағы Уфим епархиясы священник Артур Ниволинді «Варфоломей игумені» деген діни шенінен айырды. Діни қызметкеріне лайық емес әрекеттерге барғаны үшін. Башқұрстан бұқаралық ақпарат құралдарының келтірген дерегіне қарағанда, 41 жастағы Артур Ниволин шайтан ит шапқа түртіп, бір емес, бірнеше рет құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көзіне түскен. Заңға томпақ келетін тосын әрекеттерімен. Атап айтқанда, ұлтараздықты қоздырып, діни араздыққа жол берген, есірткіні қолданған және сақтаған, кәсіпкерлерден ақша бопсалаған, алаяқтыққа барған. Соның ішіндегі ең сорақысы – Бас мүфтидің хатшысы телефон шалғаны болды: митрополиттің даусын салып, мұсылмандар атына сын айтқан. Оның бұл қылмысы телефон нөмірін анықтау арқылы ашылған болатын. Епархия баспасөз қызметі хабарлағандай, ол өткен жылдың желтоқсан айында-ақ діни шенінен айырылған болатын. Осыған қарамастан ол «Богород-Уфим храмының» есебінен өмір сүріп келгені де әшкере болды. Содан соң митрополит оны еркектерге арналған монастырге аттандырған. Алайда, біздің кейіпкеріміз жолда қашып кеткен. Қазіргі уақытта оның қайда тұрып жатқаны белгісіз.Десе де жуырда полицияға оны паналатқан отбасы хабарласып, кейін  Артур Ниволиннің із-түссіз жоқ боп кеткенін жеткізді. Артынан өзін паналатқан отбасына смс хабарламалар жіберген: ақша талап еткен және киім-кешегі мен заттарын салып жіберулі сұраған екен. Оның соңына мықтап түскен полицияның айтуынша, «Варфоломеяның бұрынғы әкейінің заттарын ақтарыстырып жүріп, үй иесі шприц пен күмәнді көрінген сұйықтықты, секс-шоптан алынған әйел-қуыршақты, балалар порнографиясы бар видеожазбаны тауып алған».  

0 пікір
Мұрағат