|
Жаһан: Коалиция қателігінен бейбіт тұрғындар қырылуда
|
Сауд Арабиясы бастаған, Парсы шығанағы елдерінің қарулы күштерінен құралған коалиция «Ансар Алла» деп аталатын қозғалыстан шыққан шиттік бүлікшілерге (хусит тайпасының өкілдері) қарсы ұрыс іс-қимылы барысында қателесіп, Йеменнің оңтүстігінде орын тепкен әл-Мокха қаласы маңындағы Уәһижа шағын елді-мекенінде өтіп жатқан үйлену тойына қатысқан адамдарға екі зымыран жіберген. Бұл жайында Associated Press ақпарат агенттігі хабар таратты. Осы шабуылдың нәтижесінде кем дегенде 38 адам қаза тапқан. Олардың дені балалар мен әйелдер. Бұған қоса, ондаған адам жарақат алған. Аталмыш ақпарат көзінің хабарында айтылғандай, аталған елді-мекен коалицияны да, шиттік бүлікшілерді де қолдамай, бейтарап саясат ұстанған. Коалиция заңды түрде сайланғанымен, хуситтік бүлікшілер биліктен кетірген Йеменнің бұрынғы президенті Әбдіраббы Мансұр Хади бұл қайғылы жағдайға «қасіретті қателік» деген баға берді. Айта кетейік, шиттік бүлікшілер мен билік әскерінің арасындағы қарулы қақтығыс өткен жылдың жаз мезгілінде басталған болатын. Осы уақыт аралығында хуситтер елдің едәуір бөлігін басып алды. Ал заңды жолмен сайланған ел президенті Сауд Арабиясына қашып кеткен еді. Үстіміздегі жылдың наурыз айының 26-нан бастап, коалиция күштері хуситтерге қарсы әуе және теңіз арқылы шабуыл бастады. Араб коалициясына көп ұзамай Мысыр, Иордания, Марокко және Судан қосылған болатын. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне қарағанда, осынау операция, яғни, әскери жорық басталған кезден бері Йеменде екі мыңеа жуық бейбіт тұрғын қаза тапқан. Олардың төрттен бірі – балалар.
Түрмеден 500-ден аса тұтқын қашып кеткен
Орталық Африка Республикасының астанасы – Банги қаласындағы түрмеден дүйсенбі күні, яғни, қыркүйек айының 28-і күні 500-ден аса тұтқын қашып кетті. Бұл жайында Associated Press ақпарат көзі хабар таратты. Аталмыш ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда, қашқандардың арасында аса қауіпті 60 қылмыскер бар. Олардың дені бір-бірімен жауласып жүрген мұсылмандардың «Селека» тобы мен христиандардың «Анти-балака» радикалды тобының содырлары. ОАР-дағы бұл төтенше жағдай ео президенті Катрин Самба-Пансаның Нью-Йорк мегаполисінде өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының сессиясында кеткен кезде орын алған. Соңғы бірнеше күннің ішінде бұл елде 42 адам содырлар қолынан қаза тапты. 2012-2014 жылдар аралығында ОАР-да аталған екі топтың арасында ымырасыз әрі кең ауқымды күрес жүрді. Жауласушы тараптар өткен жылдың шілде айында және үстіміздегі жылдың мамыр айында бейбіт келісімге қол қойған болатын. БҰҰ бұл бейбіт келісімді қамтамасыз ету үшін өзінің бітімгершілік күштерін жіберген болатын.