Жаһан жаңалықтары: Сот төрағасы имамнан не үшін кешірім сұрады?
|
АҚШ-тың Техас штатында Даллас округтік сот төрағасы Клэй Дженкинс 33 жастағы жергілікті имам Мүжаһид Бақлақтан кешірім сұрады. Исламофобтардың дінаралық шара кезінде оған дұға оқуына рұқсат бермегені үшін. Бұл жайында Star Telegram ақпарат көзі хабар таратты. Нақтырақ айтқанда, Форт-Борте қаласында өткен дінаралық шараның ашылу салтанатында имам қасиетті Құран оқуы тиіс болатын. Рәсім бойынша. Алайда, исламофобтар жер тепкілеп, шу шығарып, қарсылық білдіргеннен кейін имам бұл рәсімді орындаудан бас тартады. Сот төрағасы тек кешірім сұрап қана қоймай, «Туысыңды өзіңдей жақсы көр» деп, жиналған қауымның есіне христиандардың өсиетін салды.
Мұсылман отбасын ұшақта да тыныш қоймады
Америкалық мұсылман отбасы Delta Airlines әуе компаниясының ұшағында кемсітушілікке ұшырады. Бұл жайында ақпарат көзі хабар таратты. Detroit Free Press.Дарлин Хайдер есімді мұсылман әйел күйеуімен және балаларымен Флоридадан Детройтқа ұшып шыққан болатын. Оның 9 айлық нәрестесі ұшу кезінде өзін жайсыз сезініп, жылайды. Оның жылағанын жақтырмаған өзге жолаушылар байғұс анасына айтпағаны қалмайды. Ол ол ма, «бала тәрбиелей алмайсың», деп сөккен көрінеді. Онымен қоймай, мұсылман отбасын америкалықтарға ұқсамайды деп тағы қажаған. Ақыры мұсылман отбасын шеттетіп, артқы орындыққа отырғызады. Бұл келеңсіздікті артынан білген аталмыш әуе компаниясының өкілдері мұсылман отбасынан кешірім сұрап, болған жайды тексеруге уәде етті.
Жарнама үшін шала бүлінді (ВИДЕО)
Америкалық Jeep автоконцернінің жарнамасына шариғат шәлісін жамылған мұсылман бойжеткенін қатыстырғаны үшін өнбейтін дауға қалды. Жарнамада әдеттегіше патриоттық ән орындалады, содан соң Американың табиғаты көрініс табады да артынан өзге елдердің ландшафына ауысады. Бұған қоса, түрлі ұлттар мен мәдениет өкілдері көрсетіледі. Солардың арасында шариғат шәлісін жамылған мұсылман бойжеткені де бар. Исламофобтар, міне, осы көрініске шала бүлініп, әлеуметтік желілерде бар ашу-ызасын төгіп жатыр. «Олардың жарнама бөлімінде кімдер жұмыс істейді? Бәрін қуу керек. Мұсылман әйелін көрсету, мұсылмандарға қандай да қатысы бар нәрселерді көрсету – нағыз масқара»,- деп жазыпты біреу. Десе де Вашингтон қаласындағы қоғамдық істер жөніндегі мұсылман кеңесі автоқұрастырушыларға мұсылман бойжеткенін жарнамасында көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Семіздікпен күресуді бала кезден бастайтын болды
Біріккен Араб Әмірліктерінің аспазшылары семіздікпен күресуді адамның балалық шағынан бастауды жөн көріп отыр. Дұрыс тамақтануға да тәрбие керек екенін ұғынған аспазшылар ата-аналар мен балаларға салауатты өмір салтын насихаттап, аса сіңімді әрі адам ағзасына аса пайдалы тағамдарды дайындаудың қыр-сырын үйрететін болады. «Мұғалімдер мен ата-аналарды осы шараға тарту арқылы балаларымыздың сау-саламат болашағын қамтамасыз етеміз»,- деді Le Royal Meridien қонақ үйінің бас аспазшысы Жастин Галеа (Justin Galea). Оның айтуынша, бұл игі бастаманың өсіп келе жатқан жас ұрпаққа берері көп. Бұл елде 2 мен 15 жас аралығындағы балалардың 18 пайызы артық салмақтан зардап шегеді екен. Соған орай балалар арасында сусамырмен және семіздіктен туындайтын ауру түрлерімен сырқаттанатындардың қарасы көбейіп кеткен.
Монаһ мүмиясы зерттеліп жатыр
Моңғол ғалымдары осыдан бірнеше күн бұрын ел астанасы – Ұлан-Батор қаласындағы тұрғын үйлердің астынан табылған, 200 жыл толған будда монаһының мүмиясын зерттеп жатыр. Бұл жайында The Telegraph ақпарат көзі хабар таратты. Дәлірегі, ммонаһтың мүмиясы Ұлттық сот сараптамасы орталығына жөнелтілді.
Жергілікті буддашылардың айтуынша, мүмияланған монаһ әлі тірі – ол терең медитациялыық трансқа түсіп кеткен. «Лама ваджра лотосы позасында отыр. Сол қолының алақаны ашық, оң қолы Сутра уағызының символын білдіріп тұр. Бұұл ламаның өлмегенін білдіреді»,- деді Будда өнерінің инсститутының профессоры Ганхүүгийн Пүрэвбат. Сарапшылардың пайымынша, будда монаһы «тукдам» деп аталатын терең күйге түскен. «Егер адам осындай халде үш апта болатын болса, – бұл сирек кездесетін жағдай, – оның денесі біртіндеп шөгеді, әрбірден соң ақырында тек шашы, тырнақтары, кіиім ғана қалады одан»,- деді белгілі буддатанушы Барри Керзин. Зерттеушілердің сөзіне қарағанда, монаһ XIX ғасырда қаза тапқан. Оның кім екені әлі анықталған жоқ. Десе де оның 1927 жылы лотос позасында жерленген бурят Даши-Доржо Итигэлованың денесі болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Монаһтың мүмиясы Буратиядағы Иволгин дацанындағы саркофагта сақтаулы тұр.