Жаһан жаңалықтары: Мұсылмандардың ар-намысына тиетін көрме
|
Париждегі көрмеден мұсылмандардың наразылығына байланысты «Тыныштық» деп аталған арт-обьектіні алып тастады. Бұл «өнер туындысы» өкшесі биік туфлилер қойылған жайнамаздан тұрады. Қаладағы мұсылман жамағаты жергілікті биліктен арт-обьектіні алып тастауды талап еткен болатын.
Француз әтірінен бас тартуға шақырды
Жуырда Charlie Hebdo сатиралық басылымының мұқабасындағы карикатураға наразалықтарын білдірген қырғыз мұсылмандары әлеуметтік желілерді шарлап кеткен француз тауарларына байкот жариялау туралы үндеуге қосылатындарын білдірді. Алатаудың ар жағындағы айыр қалпақты ағайындар Ош облысында Екі әлем сардарына (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) деген сүйіспеншілік апталығын өткізіп жатыр. Адамзаттың асыл тәжінің (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) өнеге мен өсиетке толы өмірбаяны жайында уағыздар айтылуда. Ош облысының Ноокат ауданында «Мен Пайғамбарымды жақсы көремін» атты акция басталып та кетті. Онда жұртшылықты жергілікті нарықтағы француздардың жалғыз тауары – әлемге әйгілі әтірлерінен бас тартуға шақырды.
Түркия әлемдегі түрік диаспорасына рухани қолдау көрсетеді
Естеріңізде болса, осыдан біраз күн бұрын Түркия билігінің әлемнің түкпір-түкпіріндегі түріктердің жағдайын ойлап, шетелде босанған қандастарына қаржылай көмек көрсететіні турасынада хабар таратқан едік. Түркия тек мұнымен ғана шектеліп қалмай ендігі жерде шетелдегі қандастары үшін имамдар дайындауды қолға алатынын жария етті. Түркияның дін істері жөніндегі басқарманың бастамасы бойынша қолға алынған осынау халықаралық маңызы зор жоба негізінде студенттер 4 жыл бойы дінмен қатар әлеуметтану пәнін де оқитын болады. Білім беру тек араб тілінде жүргізіледі. Қазіргі уақытта осы мақсатта 550-ден аса адам дәріс алып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, түрік диаспоралары Еуропада, соның ішінде Германияда, Францияда, Нидерланды да және Австралияда көп шоғырланған. Ал кей мәлімет көздерінің ақпарына қарағанда, бүгінгі таңда 10 млн-дай түрік кәрі құрлықты жайлаған.
Королге әлеуметтік желілер арқылы ант берілетін болды
Сауд Арабиясының ғұламалар кеңесінің мүшесі әрі шейх Абдулла әл-Мани мәлім еткендей, Екі қасиетті мешіттің қамқоршысы, Сауд Арабиясының жуырда таққа отырған королі Салманға ант беру рәсімін әлеуметтік желілер арқылы орындауға болады. Сауд Арабиясының тұрғындары дүниеден өткен корол Абдалланың қазасына көңіл айтқанда да осы әлеуметтік желілерді кеңінен пайдаланғанын айта кету керек. Корол Салман Twitter желісін пайдаланады екен. «Мен Twitter арқылы адал болуға ант беремін. Бұл біздің болмыс-бітіміз бен салт-дәстүрімізден қол үзбей-ақ технологиялық жағынан дамып келе жатқанымызды көрсетеді»,- деп жазыпты осы әлеуметтік желіні пайдаланушы Салман әл-Отейби. Бүгінгі таңда Сауд Арабиясында Twitter желісін 200000-нан аса адам пайдаланады. Бұл – араб әлемінде ең жоғарғы көрсеткіш. Яғни, бүкіл араб әлемінде аталған әлеуметтік желіні пайдаланушылардың 45 пайызын құрайды. Бұл деректі әлеуметтік желілер жөніндегі сарапшы Саид Жадаллаһ келтірді.
Дубай амбициясы
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі халық ең тығыз шоғырланған Дубай қаласының билігі алдына амбициялық мақсат қойды: алдағы бес жылдың ішінде 25 млн турист тартуды көздеп отыр. Дубайдың туризмді және коммерциялық маркетингті дамыту жөніндегі корпорацияның атқарушы директоры Иссам Қазым бұл мақсаттың үддесінен шығу үшін барлық мүмкіндікті қарастыратынын әрі оған қаржының жеткілікті екенін жеткізді. Негізінен дәулеті орташа топтағылар үшін қонақ үйлер көптеп салынатын болады. Туристер көптеп келетіндіктен әуежайларды кеңейту жұмыстары да бір мезгілде қатар жүргізіледі. Дубай 2030 жылға қарай электр энергиясына деген қажеттіліктің 15 пайызын күн сәулесінің қуаты есебінен өндіруді көздеп отыр. Бұл жайында Arabian Business ақпарат көзі хабар таратты. Басылымның хабарлауынша, күн сәулесінен электр энергиясын өндіретін электр станциясының құрылысы 2017 жылы аяқталуы тиіс. Дубайда электр энергиясын тұтыну көрсеткіші жылына бес пайызға артады екен. 2021 жылы ел билігі осыған байланысты электргенерирлеу қуатын 2,1 МВт-қа арттыруды жоспарлап отыр. Оның 10 пайызы күн энергиясы есебінен арттырылмақ. Қазіргі уақытта энергияға деген қажеттіліктің 99 пайызы көгілдір отынның есебінен өтеліп отыр. Алдағы уақытта мұнай қоры мол ел бұл қажеттіліктің елу пайызын ғана қара алтын есебінен өтеуді жоспарлап, қалғанын экспорттамақ.
Малайзияда ішімдік сатуға тыйым салынады
Малайзияның Малакка штанының билігі негізінен мұсылмандар көп шоғырланған үш ауданда ішімдік сатуға мүлдем тыйым салынатынын мәлімдеді. Аталған штаттың премьер-министрі Датук сері Ыдырыс Һарон «Malay daily» басылымына берген сұхбатында: «Біз мұсылман тұрғыындарының саны 90 пайыздан аспайтын аудандарда ғана ішімдік саудасына рұқсат береміз»,- деді. Осы мақсатта Малакка билігі 76 дүкенді тексеріп көруді жоспарлап отыр. Премьер-министрдің айтуынша, бұл шешімге үкімет келісімін берген көрінеді.
Малави мұсылмандары су тасқынымен арпалысып жатыр
Малави тарихындағы аса жойқын су тасқынынан мұсылман жамағаты, дәлірегі, «Азия мұсылмандарына көмек көрсету» қайырымдылық ұйымы гуманитарлық көмек көрсету бойынша жедел әрекет ететін науқан ұйымдастырып жатыр. Талай адамды опат етіп, мыңдаған тұрғынның баспанасыз қалуына себеп болған табиғи апат елдің оңтүстік бөлігінде орын алған болатын. Осы су тасқынынан 200 адам хабар-ошарсыз жоғалып кеткен, 600 мың адам үй-жайларын тастап шықты.
Жарылыстан 30 адам көз жұмды
Қаңтар айының 30-ы күні Пәкістанның Шикарпур қаласындағы шииттер мешітінде орын алған жарылыстан кем дегенде 30 адам қаза тапқан. Samaa TV телеарнасының хабарына қарағанда, 70-ке жуық адам жарақат алған. Олардың кейбіреуінің жағдайы аса ауыр. Жарылыс жұма намазы кезінде болған. Полицияның пайымдауынша, бұл қайғылы жағдайдың орын алуына жанкешті террорист себеп болуы мүмкін. Ал Dispatch News Desk ақпарат көзінің хабарлауынша, жарылыстың күшті болғаны сондай, мешіттің шатыры ортасына түскен. Осы қайғылы оқиғаға байланысты Пәкістанда үш күнге аза тұту күндері жарияланды.