Жаһан жаңалықтары: Еврей нәсілшілдігіне қарсы еврей ақынына жұмыртқа лақтырды
Жаһан жаңалықтары: Еврей нәсілшілдігіне қарсы еврей ақынына жұмыртқа лақтырды
10 жыл бұрын 3568

Израилдің танымал ақыны әрі драматургі Йехонатан Гефенге саяси көзқарасы үшін наурыз айының 20-ы күні белгісіз біреулер үйіне келіп, жұмыртқа лақтырып кеттті. Есік ашқан 68 жастағы шайырға жұмыртқа лақтырғанымен қоймай, «Солшыл сатқын» деп айқайлаған. Бұл жайында Израилдің 9 телеарнасы хабар таратты. Йехонатан Гефен Кнессетке (Израил парламенті) депуттарды сайлау науқанына байланысты Facebook әлеуметтік желісінде өз көзқарасын білдірген болатын: «Халық жұртты қорқытуға негізделген нәсілшілдерді билікке қайта сайлады. Израил билігінің палестиналықтарға қатысты жүргізіп отырған басқыншылық саясатына қарсы наразылық білдірген солшылдардың бірі түбінде бұл саясаттың еврейлер үшін үлкен түйткілді мәселеге айналатынын мәлімдеген болатын.

 

Палестинаны шөміштен қысуын қояр емес  

Палестина аумағындағы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және тазалық талаптарының үддесінен шығу ісі сын көтермейді. Бұл қазан қақпағын ұстаған Израил билігінің шөміштен қысуынан, яғни, суды теңдей бөлмеуінен орын алып отыр. Осыған байланысты Палестина билігі халықаралық қауымдастық пен әлем жұртшылығының назарын Дүниежүзілік су ресурстары күніне орай осы мәселеге аудару мақсатында арнайы мәлімдеме жасады. Палестинаның су ресурстары басқармасы мен Палестинаның орталық статистика бюросы басқыншылық саясат ұстанып, палестиналықтарға өз тізгінін бермей отырған Израил билігінен сумен қамтамасыз етуді ғана емес, оның сапасына да жауапкершілікпен қарауды талап етіп отыр.  Аталмыш орган өкілдері судың теңдей бөлінбеуіне мынадай дәлел келтіріп отыр:  жан басына шаққанда су палестиналықтарға қарағанда израилдіктерге жеті есе көп бөлінеді. Бұған қоса, су тапшылығын тартып отырған  палестиналықтар ішетін судың 90%-нан астамы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілелеген сапа стандартына сай емес.

 

Ауған президенті АҚШ әскерінің қалуына мүдделі  

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани АҚШ әскерінің Ауғанстанда қалғанын қалайтынын мәлімдеді. «Олар (Ауғанстан тұрғындары) АҚШ-ты өздерінің болашағы үшін қажет деп санайды»,- деді ол мәлімдемесінде. Бұл жайында NPR радио торабы хабар таратты. Оның айтуынша, АҚШ әскерінің бұл елде қалуына ел ішіндегі радикалды топтардың сойқанынан әбден зәрезап болған ауған халқының халықаралық терроризмнің күшейіп кетуіне байланысты мүдделілік танытып отыр. Ео президентінің сөзіне қарағанда, «терроризм жүйеге айналып, күрделі сипат алған». Құрамына АҚШ пен одақтастырының әскері кіретін халықаралық күш Ауғанстанға 2001 жылы енген болатын – тәліптер мен «әл-Каида» радикалды қозғалыстарының күш алуына байланысты.

 

Сенатор: «Палестина мемлекеттігін мойындаса, БҰҰ-ны қаржыландырмаймыз»

АҚШ Сенатындағы республикалықтардың қарулы күштер ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Джон Маккейн Палестина мемлекетін құру туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің қарар қабылдауына жол бермеу керектігін мәлімдеді. Егер АҚШ аталмыш құжатқа дауыс берсе, онда АҚШ конгресінің бүкіл әлемдік ұйымды (БҰҰ-ны айтып отыр – ред.) қаржыландыру мәселесін қайта қарастыратынын айтып, доқ көрсетті. Айта кетейік, АҚШ бүгінгі таңда БҰҰ-ны қаржыландыруда ең көп үлес қосып отырған әлемдегі жалғыз мемлекет. Нақтырақ айтқанда, БҰҰ-ның жылдық бюджетінің 22 пайызын АҚШ аударады. Нақты жылдарға шаққанда бұл көрсеткіш 2014-2015 жылы 5,5 млрд долларды құрады. Ал БҰҰ-ның қалған мүше елдері жарнасын жан басына шаққандағы табыс пен сыртқы қарызды ескере отырып, он жыл ішіндегі жалпы ішкі өнімнің орташа көрсеткішіне қарай төлейді.

 

Харам мешітінің 30 қызметкері ым-ишарат тілін меңгеріп шықты

Нұрлы Мекке шаһарындағы қасиетті Харам мешітінің академиясы саңырау қажылардың қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында 30 қызметкерін ымишарат тіліне үйретті.  «Мүмкіндігі шектеулі жандар Алланың үйіне келген өзгелермен бірдей. Олардың тілінде түсінісу біздің міндетіміз»,- деді аталмыш академия жетекшісі Уәлид Басамад SaudiGazetteв басылымының тілшісіне берген сұхбатында.

 

Ұлыбританияның мұсылман әйелдері радикализмге қарсы

Мұсыылман әйелдерінің бір тобы үстіміздегі жылдың наурыз айының 20-ы күні «Экстремизм мен радикализмге қарсылық көрсету» деп аталатын жалпы ұлттық науқан аясында Кардиффте өткен жиынға қатысты. Мұнда ХХІ ғасырдың басында пайда болған радикализм, экстремизм секілді әлеуметтік жат құбылыстарға тойтарыс берудегі мұсылман әйелдерінің рөліне айрықша екпін беру мақсаты жатты. Отан отбасынан басталатынын ескерсек, отбасының ұйытқысы әйелдің бұл құбылыстарға қарсы күресте шешуші рөл атқарады. Татулық пен тыныштықты алдыға қоятын ақ жаулықтылар да осынау жауапкершілікті сезінуі тиіс.

 

Азияның будда және мұсылман жетекшілері бейбітшілік үшін күреседі 

Оңтүстік және Оңтүстік-шығыс Азия мұсылмандары жамағатының және будда қауымының жетекшілері Мьянма, Шри-Ланка және өзге де осы құрлықтағы елдерде оқтын-оқтын бұрқ ете қалатын діни араздықтан туындаған дүрдараздықты болдырмау үшін, аймақтағы тұрақтылық пен тыныштықты, сондай-ақ, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бас қосты. Тарқатып айтқанда, 15 елдің дін қайраткерлері ислам діні мен будда нанымының күллі адамзат үшін бейбітшілікті ту ететінін жария ету мақсатында «Жокиарта мәлімдемесін» жасады. Бұл мәлімдеменің атауы осы құжат жазылған қаланың атына сәйкес алынды. Бұл мәлімдеме түріндегі аталмыш құжаттың қабылдануына Индонезияның ғұламалар кеңесі мен Будда қауымы кеңесі ықпал етті әрі осы шараны ұйымдастырды. Бұл шараға халықаралық мұсылман-будда қатынасының форумы демеушілік жасады. 

 

Таиланд буддашылары қазақстандық конфессияаралық келісім үлгісін зерттеуді көздеп отыр

Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша Бангкок қаласында Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марат Есенбаев Таиландтың Жоғарғы Патриарх Атқарушы комитетінің мүшесі әрі Махачулалонгкорнраджавидьялая университетінің ректоры Пхра Брахмапундитпен кездесті.

Бангкок қаласында Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марат Есенбаев Таиландтың Жоғарғы Патриарх Атқарушы комитетінің мүшесі әрі Махачулалонгкорнраджавидьялая университетінің ректоры Пхра Брахмапундитпен кездесті.

Кездесу барысында буддистік университетінің ректоры Елбасы Н. Назарбаевтың сөзсіз еңбегі мен халықтың оның жүргізіп отырған саясатына терең сеніміне негізделген Қазақстанның этноаралық және ұлтаралық келісім саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады.

Таиландтың буддизм өкілдері ҚР Президентінің бастамасы бойынша ұйымдастырылған Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі жұмысына үнемі қатысады. Ректордың пікірі бойынша, Қазақстанның этноаралық тұрақтылығы мен төзімділігі көптеген елдер үшін айқын үлгі болып табылады.

Қазақстандық дипломат ректорды 2015 жылдың мерейтойлық күндері – ҚР Конституциясының 20 жылдығы және ҚР Президентінің бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы туралы хабардар етті. Сонымен қатар, Елші Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауының арқауы барлық ұлт, мәдениет пен конфессиялардың ауызбірлігі мен шоғырлануына негізделген көпұлтты мемлекетіміздің әрі қарай демократиялық дамуы екендігін атап өтті.

Қазақстан мен Таиланд дінаралық және мәдениаралық диалогты дамыту саласындағы ынтымақтастыққа зор мән береді. Махачулалонгкорнраджавидьялая университетінің ректоры Қазақстанның жүргізіп отырған саясатын атап өтіп, Таиланд үкіметіне түрлі конфессия өкілдері арасында бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету және өзара түсіністік ахуалын сақтаудағы қазақстандық тәжірибені қабылдауды ұсынды.

Аталған саладағы өзара мүдделерді әрі қарай ілгерілету мақсатында П. Брахмпундитке ҚР Парламенті Сенатының спикері – Съез Хатшылығының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атынан ағымдағы жылдың 10-11 маусымында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезіне қатысу үшін реми шақыру хаты тапсырылды.  

0 пікір
Мұрағат