Жаһан жаңалықтары: Әлемдегі ең қарт әжей 117-ге толды
Жаһан жаңалықтары: Әлемдегі ең қарт әжей 117-ге толды
10 жыл бұрын 3645

Baq.kz порталының  BBC News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, таратқан хабарына қарағанда жер бетіндегі ең кәрі әйел Мисао Окава бүгін 117-ге толып отыр. 1898 жылдың 5 наурызында Осака қаласында дүниеге келген әжей туған күнін уақытынан бір күн бұрын атап өткен.  

Айтулы күнге арналған мерекелік шара кеше Осакадағы қарттар үйінде өтті. Мисао Окава аталған орталықта бірнеше жылдан бері тұрып келеді. Оның туған күнін неліктен ерте тойлағандығы белгісіз.

Келген қонақтар алдында сөз сөйлеген Окава 117 жасты аса ұзақ ғұмыр деп есептемейтінін айтты. Қарттар үйінің қызметкерлерінің айтуынша, қарт әжейдің денсаулығы соңғы уақытта сыр бере бастапты. Оның құлағы естімей, қозғалысы да тым баяулаған. Дегенмен, ақыл-есі орнында дейді дәрігерлер.

Мисао Окава 1919 жылы күйеуге шығып, үш баланың анасы атанған. Дегенмен, 1931 жылы оның күйеуі қайтыс болып, балаларын ол жалғыз тәрбиеледі. Қазіргі таңда үл-қыздарының көзі тірі. Олардан төрт немере мен алты шөбере сүйіп отыр. 2013 жылы Окава Жер бетіндегі ең кәрі әйел ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. 

 

"ТАЛҚАНДАЛҒАН ТАРИХ" ЖАПОН ХАЛҚЫНА ҰСЫНЫЛДЫ

E-islam.kz ақпарат көзінің хабарлауынша Токиодағы Сирия араб республикасының елшілігі жапон астанасының мерімен ынтымақтаса отырып, Сирияның мәдени-тарихи мұрасын көрсететін фотокөрме ұйымдастырды.
Көрмеге қойылған 50 фотоэкспонаттың барлығы да қаны бұзық лаңкестер қолымен бүлінген тарихты айна-қатесіз көз алдыңызға келтіреді. Ұлттың ғана емес, бүкіл адамзат тарихына түскен зауалдан хабар беретін бұл суреттерді көрген жан тітіркенбей тұра алмаған. Көрмемен танысқан ықпалды азаматтар әлем халқын адамзаттың көне тарихын сақтап қалуға шақырған. Көрме 12 наурызға дейін жалғасады.

 

Францияда университеттердегі ислам курстары екі есеге артады

Франция премьер-министрі Мануэль Вальс (Manuel Valls) ислам діні курстарын жүргізу үшін университеттерге мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының ұлғаятынын мәлімдеді. Ел билігінің мұндай қадамға баруына француз имамдарының діни ілімді шетелде емес, ел аумағында алуы үшін барып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол шетелде оқып келген имамдарды да Францияда қосымша білім алуға шақырды. Имамдардың французша жатық сөйлеп, зайырлы француз қоғамының құндылықтарына құрметпен қарауы керектігі турасында талап қойып отыр. Бүгінгі таңда Францияда алты жоғарғы оқу орнында ислам діні курсын өткізуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта ислам діні курсын оқытатын университеттер санын екі есеге көбейтуді, яғни, 12 жоғарғы оқу орнында өткізу көзделуде.

 

Норвегияда халал өнімдер мұқият қадағаланатын болады

Норвегияның тағам өнімдерінің сапасын қадағалау жөніндегі басқарма мәлімдегендей, бұл елдегі халал өнім өндіретіндердің кейбіріне нарықтағы үлесінен айырылып қалу қаупі төніп тұр. Жыл сайын тексеру жүргізетін аталмыш басқарма өнімдеріне «халал» белгісін жапсыратын 40 кәсіпорынның 12-сінің өнімдерінің шариғат талаптарына сай болмай шыққанын анықтады. Басқарма өкілінің айтуынша, халал өнім өндіретін компаниялар өнімді қандай шикізаттан дайындайтыны жөнінде мағлұмат беріп отыруы тиіс. Осы басқарма өкілі Ранди Эдвардсен (Randi Edvardsen): «Жалған жапсырма ешкімге пайда әкелмейді: тұтынушылар алданса, өндірушілер сенімнен айырылады»,- деді осы мәселеге орай білдірген пікірінде. Сондай-ақ, басқарма мүшелері шариғат талаптарына сай мал сойылатын қасапханалардың санитарлық-тазалық жағдайын да жіті назарда ұстайтындарын жеткізді.

 

Оман 2015 жылы алғашқы мемлекеттік сукук шығарады

Оман биыл мемлекет кепілдігімен 200 млн риалға (520 млн доллар) ел тарихында алғаш рет сукук шығаруды жоспарлап отыр. Эмиссия 2015 жылдың орта шенінде жүзеге асырылады. Тартылған қаржы мұнай бағасының құлдырауына байланысты тапшылыққа ұрынған ел бюджетін толтыруға жұмсалады. Бұл жауапты істі орталық банк жүзеге асырады. Бұл шара өз кезегінде елдің ислами қаржы саласының дамуына ықпал ететін болады әрі ислами қаржы мекемелері өтімділікті басқарудың тиімді құралына ие болады.

 

Канада мұсылмандары ауруханаларға қаржылай қолдау көрсету үшін жылу жинап жатыр

Канада мұсылмандарының жамағаты обырмен күрес жөніндегі қауымдастық пен ауруханаларға қаржылай қолдау көрсету мақсатында жылу жинап, қайырымдылық іске ұйытқы болуда. Обырмен сырқаттанатындарға көмек көрсету және Торонто қаласындағы ауруханаға қолдау білдіру туралы бастаманы Миссиссогтағы Саид Хадиджи атындағы ислам орталығы көтерген еді. Бұл жайында OnIslam.net ақпарат көзі хабар таратты.

 

Синьцзянда 30 жыл ішінде мешіттер 10 есеге көбейген

Қытайдың солтүстік-батысында орын тепкен Синьцзян-Ұйғыр автономды округында саны 20 000-нан асатын мешіттер осы аймақтағы мұсылмандарды біріктіріп келеді. Бұл көрсеткіш осыдан 30 жыл бұрынғы көрсеткіштен 10 есе көп. Бұл жайында Саяси кеңес беру жоғарғы органының өкілі жыл сайын өтетін сессияда мәлімдеді. 2001 жылдан бері Синьцзян аймақтық билігі 4000-ға тарта адамды Мысыыр мен Пәәкістанда діни оқууға жіберген. 1 000 000-ден аса ұйғыр және өзге тілдерде басылымдар шығарылған.

 

Шариғат шәлісі үшін мұсылман әйелін жұмыстан қуған аурухана басшылығы жазаланды

Гананың денсаулық сақтау министрлігі мұсылман әйелді шариғат шәлісін жамылғаны үшін жұмыстан қуған Мамоби қаласындағы аурухана басшылығын жазалады. Бұл жайында Starr FM Online ақпарат көзі хабар таратты. Нақтырақ айтқанда, аталмыш медицина мекемесінің басшылығы Хабиба Ахмет есімді тәжірибеден өтіп жүрген мұсылман әйеліне басындағы шариғат шәлісін шешіп тастауды талап еткен. Алайда, мұсылман әйелі наным-сенім бостандығына кепілдік беретін ел конституциясына сілтеме жасап, олардың талабын орындаудан бас тартқан. Жұмыстан қуылған соң мұсылман әйелі шаариғат шәлісімен жұмыс істеуге рұқсат берген денсаулық сақтау министрлігіне аурухана басшылығының үстінен шағымданған. Министрлік өз кезегінде конституцияда қарастырылған құқықты бұзғаны үшін аурухана басшылығын жазалады әрі мұсылман әйелінің сол ауруханада қайта жұмысқа тұруына ықпал етті.

 

Тұрғындар бекер күдіктенген

Ағылшын мұсылманы Инайят Омаржи діндес бауырларымен өздері тұратын аудандағы қараусыз қаңырап қалған шіркеуге өз қаражаттарымен жөндеу жүргізуге бел буған. Дінаралық мәдени орталық ашу үшін. Алайда, жергілікті тұрғындар оған «бұрынғы шіркеуді мешітке айналдырады» сенген жоқ.Наным-сенімі өзге тұрғындар Болтон қаласында жергіілікті мұсылман жамағатының көңілінен шығатын мешіттер баршылық екенін қаперіне де алған жоқ. Христиандардың ғибадат ғимаратын жөндеу жұмыстары мен құрылыс материалдарына 5 млн фунт стерлинг қаржы жұмсалды. Бұл жайында NPR ақпаарат көзі хабар таратты. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында осы шіркеуде священник болып қызмет атқарған Джеральд Хигхэм мұсылмандарға ақ батасын беріп, алғысын айтты.

 

Нью-Йоркте оқушылар мұсылман мерекелерінде демалады

Әлемдегі аса ірі санаулы мегаполистердің бірінен саналатын Нью-Йорк шаһарында Ораза айт пен Құрбан айт күндері мереке ретінде ресми бекітіліп, осы күндері мұсыылман оқушылар демалатын болды. Аса маңызды мұсылман мерекелерінің мұндай мәртебе алуына қала әкімі Билл де Блазио ықпал етті. Ол діни азшылықты құрайтындарға мұсылман мерекелерін мектеп оқушылары үшін демалыс күндеріне айналдыру турасында өткен жылы уәде еткен болатын.

 

Қазақстан кітапханасында 1855 жылғы Құран бар

1855 жылы басылып шыққан Құран кітабы «Ғылым ордасы» республикалық ғылыми кітапханасының сирек қолжазбалар мен кітаптар қорында сақталуда. Бұл туралы «Вечерняя Астана» газеті хабарлады.

Кітапхана қорында араб және өзге тілдердегі Құран кәрім мен «Тәпсір» кітаптарының 300-ден аса түрі бар. Солардың қатарында көлемі 2,5x3,5 см өлшеміндегі ең кішкентай Құран кітапшасы осы қорда сақтаулы. Сарапшылар мұндай мұралар ұлтымыздың қол жетпес қазынасы деп бағалауда.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорында Құран кітаптарының ерекше жиынтықтары бар. Соның ішінде, XII ғасырда жазылған Құран кітаптары куфи үлгісінде, ал XVIII-да араб және парсы тілдерінде басылған. XV–XIX ғасыр жиынтығы негізінен Құранның мәтіндері іріктеліп, негізгі және маңызды сүрелері басылған. Сондай-ақ, өткен ғасырлардан араб тілінде басылған философия, дін, тарих, өнер, әдебиет және поэзия тарихы, география, медицина, математика, астрономия салалары бойынша құнды кітаптар да осы қор сөрелерінен орын тепкен.

 

АҚШ-та «Отбасыдағы халал» сериалы түсірілді

АҚШ-та таяу уақытта ислам әлеміндегі өзекті мәселелерді қозғайтын «Отбасыдағы халал» атты сериал жұртшылыққа жол тартпақ. Бұл жайында ummet.kz ақпарат көзі хабар таратты.
Мұсылмандардың басқан ізін аңду, діни алауыздық, бөліп-жарушылық, ғаламтор бетінде және мешіттерге шабуылдау секілді қазіргі мұсылман қауымына жасалып отырған қиянат осы сериал арқау ететін мәселелер. Осы арқылы фильм режиссерлері жалпақ жұртқа шынайы Ислам діні жайлы дұрыс мәліметтер беруді көздеп отыр.
Туынды продюсерінің мәлімдеуінше, шынайы ислам және мұсылман жайлы сериал түсіруге 2014 жылы жарияланған америкалықтардың мұсылман қауымы туралы тек 27 пайызы ғана жағымды пікір қалдырған сауалнама себеп болып отыр. Аталмыш жоба АҚШ пен Азияның адам құқықтары жөніндегі ұйымдары тарапынан қолдауға ие болды.

0 пікір
Мұрағат