Жаһан: Дағдарыс Ирак тұрғындарын тоқыратып жіберді (видео)
|
ОПЕК-ке мүше елдердің ішінде Сауд Арабиясынан кейін мұнайды ең көп экспорттайтын Ирак қара алтын өндірісін азайтуды қолдайды. Бұл туралы Ирак премьер-министрі мәлімдеді. Олардың мұндай қадамға баруына ел ішіндегі экономикалық, әлеуметтік ахуалдың ауырлауы себеп болған. Оған қоса лаңкестермен арадағы соғыс тұрғындарды әбден тығырыққа тіреді. Бірі елін тастап Еуропаға безсе, енді бірі екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр. Қабырғасы қаланып, қаңырап қалған құрылыс. Тынымсыз жұмыс істеп тұрып тоқыраған кәсіпорын. Ирактағы Күрдістанның бүгінгі көрінісі осы. Аймақ бюджетінің басым бөлігі бір ғана қара алтынға байланған. Ал оның құны құлдырағалы қара халық пен кәсіпкерлердің қалтасы босап, құты қашты, кәсібі тоқтады. Ал үкімет қолда барын лаңкестерге қарсы күресті күшейтуге жұмсап жатыр. Жоба жасап, жоспар сызған кәсіпкерлер қаржы келсе, тасы өрге домаларына сенеді. Аймақтағы ахуалды реттеу үшін ресми Бағдат пен Күрдістан автономиясының үкіметі қара алтын өндірісіне қатысты келіссөздер бастаған. Ирак премьер-министрінің айтуынша, аймақтағы мұнай өндірісін арттырып, Күрдістан автономиясына тиісті қаржыны құю керек. Себебі, аймақ көмекке мұқтаж. Екі қолға бір күрек таппаған тұрғындар Еуропаға қарай ағыла бастаған. Қасым Әли, жергілікті тұрғын: - Жұмыссыз жүргеннен асқан азап жоқ екен. Үйде ауру адам сынды жата бересің. Өз-өзіңе деген сенімнен бөлек қоршаған ортамен де байланысың үзіледі. Қолыма азын-аулақ қаржы түссе, Еуропаға кетпекпін. Отбасыны асырау менің мойнымда. Қайдан болса да табыс табуым керек. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, аймақта 3500 жоба толықтай тоқырауға ұшыраған. Ол аздай, соңғы екі жылда сырттан келетін инвестиция көлемі де 8 млрд долларға қысқарып кетті.