|
Жаһан: Бай мен кедейдің арасы тым алшақтап кеткен
|
Осыдан екі апта бұрын «Көшедегі көңілсіз көріністің астарында не жатыр?» деген тақырыппен жариялаған хабарымызда Индонезияның Жакарта қаласындағы тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалардың туристерді тартып, ақша табу үшін қандай қадамға баратынын айтқан едік. Міне, осы Жакарта қаласындағы байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық тарихта бұрын болмаған рекордтық көрсеткішке жеткен. Аталмыш қаланың кедей аудандарында тұратын отбасылардың балалары қатты ластанған су қоймаларында ойнауға мәжбүр. Бұл жайында Бүкіл әлемдік банктің баяндамасында айтылған. Аталмыш құжатта келтірілген деректер мен мәліметтерге қарағанда, бұл елдегі әлеуметтік теңсіздік деңгейі 2014 жылы Джини индексі бойынша рекордтық 41 тармағына жеткен. Салыстырмалы түрде алғанда, 2000 жылы бұл көрсеткіш 30 тармақтан аспаған болатын. Бұған ең алдымен ел билігінің кедейшілікпен күресудегі дәрменсіз саясаты себеп болып отыр. Есесіне халықтың ат төбеліндей тобының дәулеті артып кеткен. Сарапшылардың есебінше бұл елде адам басына шаққанда ең аз күнкөріс деңгейі шамамен 22 долларды құрайды. Десе де, Индоензияның экономикасы аймақ бойынша шапшаң әрі қарқынды түрде өркендеп келе жатқанын айтпай кетуге болмайды.
Британия «христиан елі» мәртебесінен айырылып барады
Бес британдықтың тек екеуі ғана өздерін христианбыз деп есептейді. Бұл елде иудаизм наным-сеніміндегі тұрғындардың да қарасы азайып келеді. Олардың саны осы елдегі мұсылман, индус, сикхистерден де аз болып қалған. Бұл мәліметті «The Independent» орталығы екі жылға созылған зерттеу нәтижесіне қарап келтірген болатын. Осыған байланысты, яғни, христиандардың азаюына қарай сарапшылар елдегі таққа отырғызу кезінде, т.б. маңызды іс-шараларда атқарылатын «кейбір рәсімдерге өзгеріс енгізу керек», деп есептейді. Сондай-ақ, ықпалды лордтар палатасындағы епископтардың санын азайтып, қарасы көбейіп келе жатқан өзге діндегілерге басымдық беруге тоқталды. Тағы бір айта кетерлігі, бұл елде соңғы 30 жылдың ішінде атеистердің қарасы артқан.
Лондон халқы селфиге мұңайып түседі (видео)
Бұл – Somerset House музейінде өткен көрменің негізгі жаңалығы. «Селфи қала» деген жобаның төңірегінде ғалымдар әлем астаналарын аралап, жергілікті тұрғындардың суретке түсу мәдениетін зерттеп көрген. Олар Сан-Паулу, Бангкок, Берлин, Мәскеу, Нью-Йорк пен Лондонда болыпты. Зерттеу нәтижелері әр қаланың ерекше екендігін көрсетті. Автоматты сурет талдау жүйесі лондондықтардың селфиі түнерген, қабағы түюлі болып келеді деген тұжырым жасап отыр. Мориц Стефанер, Selfie City жобасының зерттеушісі: - Сан-Паулуда түсірілген суреттерге қарасақ, ондағы адамдардың жүзінде күлкі бар. Оны анық көруге болады. Және олар селфи жасағанда бастарын сәл еңкейтеді. Ал Лондон тұрғындары суретте салмақты. Тіпті кейде суықтау көрінеді. Осы жайттың нақты себебін айта алмаймыз. Бұған ауа райы әсер етуі мүмкін немесе мәдени айырмашылықтың да салдары бар.