Израилде терроризм бойынша айыпталғандарды өлім жазасына кесетін заң жобасы мақұлданды
|
Израилдің министрлер кабинетінен жасақталған заңнама жөніндегі комиссиясы террористік бағыттағы қылмыс бойынша айыпталған тұлғаларды өлім жазасына кесуге мүмкіндік беретін заң жобасына енгізілген түзетуді мақұлдады. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш түзету Израилге зиянын тигізу және «өз отанында еврей халқының қайта жандануына» жол бермеу үшін ұлттық төзбеушілік негізінде израилдіктің өліміне апарып соқтыратын арандатушыларды өлім жазасына кесуді қарастырады. Израил билігінің мұндай қадамға баруына басып алынған Құдыстағы еврейлер қоныстанған ауданда орын алған атыстан жеті израилдік азаматтың қазасы себеп болып отыр. Дәлірегі, Шығыс Құдыстағы Шуафат босқындар лагерінің 21 жастағы тұрғыны Хейри Алкам атыс шығарып, жеті адамды жер жастандырып, бірнеше адамды жаралаған. Ол сол жерде атып өлтірілді әрі оның отбасына тиесілі үй сүрілді. Палестиналықтар Хейри Алкамның бұл әрекетін жыл басынан бері ондаған палестиналық, соның ішінде әйелдер мен балалар қаза тапқан палестиналық қалалар мен босқындар лагерлеріне Израил қауіпсіздік күштері тарапынан жиі жасалатын рейдтеріне наразылығы, деп атады.