Израил араб елінде әскери базасын ашады
|
Таяуда дипломатиялық, саяси, экономикалық, әскери, туризм, коммуникация, т.б. барлық салада қатынас орнату жөнінде келісімге келген Біріккен Араб Әмірлігі мен Израил билігі тағы бір келісімге келді: Израил аталған араб елінің аумағында өзінің әскери барлаумен айналысатын құпия базасын ашатын болып уағдаласты. Араб жеріндегі израилдік барлау қызметінің негізгі мақсаты Иран туралы ақпарат жинауға саяды. breakingdefense.com ақпарат көзі хабарлағандай, тараптар Йеменнің оңтүстігіне қарай орналасқан стратегиялық маңызы зор Сокотра аралында аталған базаны ашу арқылы аймақтағы қауіпсіздік саласының маңызды қадасын қағады. Бүгінгі таңда аталған аумақты әмірліктердің бақылауындағы йемендік бүлікшілер бақылауда ұстап отыр. breakingdefense.com ақпарат көзінің жазуынша, Сокотрадағы әскери барлау базасы Израил әскерилеріне Аден шығанағы мен Африка мүйісі аймағындағы ахуалды қадағалауға, дәлірегі, ирандықтардың Йеменмен байланыс арналарын бақылауына мүмкіндік бермек. Иран тарапы Израи- БАӘ арасындағы ынтымақтастықты, дәлірегі, БАӘ билігін айыптап отыр. Ол ол ма, Иран билігі Израилмен әскери жанжал туындаған жағдайда Біріккен Араб Әмірлігіне де соққы беруге дайын екенін мәлімдеп үлгерген еді.