Іздеуде жүрген күдікті ескі суретін ұнатпай, полицияға жаңасын жіберді (фото)
Іздеуде жүрген күдікті ескі суретін ұнатпай, полицияға жаңасын жіберді (фото)
9 жыл бұрын 3766

АҚШ-та іздеу салынған күдікті полицияның қолындағы фотосуретін ұнатпай, жаңа суретін жіберді. Spiegel Online-ның жазуынша, Огайо полициясы 45 жастағы күдіктіге екі фотосурет арқылы іздеуге салған. Өзіне полиция іздеуге салғанын көрген күдікті жазбаша түсініктеме бергеннің орнына костюм киіп, көзілдірік тағып түскен жаңа суретін жіберіп, өзін сол фотосурет арқылы іздегенін қалаған. Ол фотосуретпен бірге қысқаша хат жолдаған. Онда: «Жаңа әдемі сурет жіберіп отырмын, алдыңғысы қорқынышты еді», - делінген. Күдіктінің жіберген суретін қолдана бастаған Огайо полициясы болса, «Бұл суретті бізге Пью мырза жіберді. Көмегі үшін өзіне алғыс білдіреміз, бірақ полиция бөлімшесіне келіп, өзі жөніндегі айыптарға түсініктеме берсе, жақсы болар еді», - деп жазды. Бұндай сирек жағдай халықтың назарын өзіне аудартпай қоймады. Фотосурет бірнеше рет ғаламтор арқылы таратылып, нәтижесінде полиция күдіктіні Флорида штатында қолға түсірді. Пью есімді күдікті ішімдікке сылқия тойып, көлік тізгіндегені үшін полициядан жасырынып жүрген, бұған қоса вандализм және көлікке өрт қою сынды бірнеше айып үшін іздеу салынған. 

0 пікір
Мұрағат