Иттің иесіне бір жағдайда қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынып жатыр
|

Ресей Федерациясының мемлекеттік думасының депутаты Владимир Бурматов итін еркіне жіберген, яғни, қоғамдық орындарға, көшеге өзі ертпей бос серуендеуге босатып жіберген адамдарға қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды. Бұл жайында islam.kz порталы Lenta.ru ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ресейлік депутат итті өз бетінше бос жібергендерге салынатын айыппұл мөлшерін 50 мың рублге дейін көтеруді көздейтін заң жобасын министрлер кабинетіне жөнелткенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, көшеде иесіз жүрген ит өзгелерді қапса, тек айыппұлмен шектелмей ит иесін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осы орайда наурыз айында мұндай бастаманы конституциялық заңнама жөніндегі федерация кеңесінің жетекшісі Андрей Клишас та көтергенін айта кетпекпіз, дәлірегі, итін иесіз жібергендердің үстінен қылмыстық іс қозғауды ұсынған еді.




