Италия синтетикалық тағамнан бас тартады
|
Италия парламентінің төменгі палатасы синтетикалық тағам өндірісіне, импорты мен саудасына тыйым салуды қарастырған заң жобасын талқыға салады. Оның алдында бұл ұсыныс сенатта мақұлданды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Euractiv ақпарат көзіне жөн сілтеген Zakon.kz сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осылайша Италия тек Еуропада ғана емес, сонымен қатар, күллі әлем бойынша синтетикалық тағамнан бас тартқан алғашқы ел атанадыү Италия билігінің мұндай қадамға тұтынушылар денсаулығын сақтау мақсатында барып отыр. Аталмыш заң жобасын аталған елдің ауыл шаруашылығы және азық-түлік егемендігі министрлігі де қолдап отыр. Бұл бастаманы италиялық ауыл шаруашылық Coldiretti қауымдастығы көтеріп, ақпараттық науқан жүргізіп, 2 млн-ана аса адамның қолдауына ие болды. Дәлірегі, италиялықтардың төрттен үші (74%) зертханада әзірленген тағамның таралуына қарсы. Coldiretti президенті Етторе Прандини бұл шараның адам өмірі мен қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін беймәлім, жаңа технология дәуірінде сақтық танытудың көрінісі екенін мәлімдеді. Осылай деген ол мұндай сақтық фармацевтикалық өнімдерге де қолданылса, артық болмайтынын жеткізді. Ол, сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жасуша негізіндегі өнімдерге жүргізген зерттеулерін ескере отырып, түрлі аурудың таралуымен, жануарлардың инфекцияларымен және микробтық ластанумен байланысты қауіп-қатерді ескеру қажеттілігіне тоқталды. Сөз арасында биореакторларда қолданылатын өсу гормондары сияқты компоненттерді пайдалануда ерекше сақтық қажет екенін әрі оларға 40 жылдан астам еуропалық фермаларда тыйым салынғанын атап өтті. Аталмыш қауымдастық мал шаруашылығының атмосфераға көмірқышқыл газын молынан бөлетіні туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын алға тарта келе жер бетіндегі қарасы артып келе жатқан адамзаттың етке деген сұранысын қанағаттандыру қажеттіліктерімен салыстыруға келмейтінін мәлімдеді. Колдиретти ұсынған есеп нәтижесі бойынша өндірілген әрбір 1 келі синтетикалық ет үшін атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшері дәстүрлі мал шаруашылығымен салыстырғанда 4-25 есе жоғары болып шыққан.