ИСПАНИЯДА АУЫЗСУДЫ ПАЙДАЛАНУҒА ШЕКТЕУ ЕНГІЗІЛЕДІ
|
Еуропадағы климаттық өзгерістер - су тапшылығын тудырып отыр. Құрлықты құрғақшылық жайлап, аптап ыстық су қорын айтарлықтай азайтқан. Бұл туралы Хабар 24 ақпарат көзі мәлім етеді. Осы тұрғыда Испания үкіметі тіршілік нәріне қатысты қатаң шектеулерді енгізуге мәжбүр. Көктемгі қырық градустық ыстық Испания үкіметін әбден әбігерге салды. Алдағы мамыр айында жауын шашын аз түссе, елдің солтүстігіндегі Каталония аймағында құрғақшылық болып, төтенше жағдай жариялауы мүмкін. Сондықтан үкімет ауыз суға қатысты жаңа шектеулерді енгізбек. Атап айтқанда, тұрмыс пен коммерциялық мақсатта суды тұтыну қатаң бақыланатын болады және су беру қысымы төмендетіледі. Бүгінде бір тұрғын тәулігіне 317 литр су тұтынады екен, жаңа шектеулерге сәйкес тұтыну көрсеткіші 180 литрге дейін қысқармақ.
Сара Гарсия, Барселона қаласының тұрғыны: - Жергілікті биліктен поштамызға арнайы хат келе бастады. Онда құрғақшылыққа байланысты аймақтағы су қоры 23 процентке дейін төмендеді,- деп жазылған. Жергілікті билік суды барынша үнемдеуге үндейді.
Үнемдеу қарапайым тұрғындармен қоса, бизнестен де қатты талап етілмек. Мәселен, Барселоналық пен осы қалаға келген туристі салыстырсақ, саяхатшы суды бес есе көп пайдаланады. Бұл туралы мемлекеттік суды зерттеу институтының мамандары мәлім етті. Осыған байланысты жергілікті билік қонақ үйлердегі душ суын тазартып, екінші рет қолдануға мүмкіндік беретін резервуарларға инвестиция тартуды талап етпек.
Давид Ариас, кәсіпкер: - Туристердің ысырапшылдығы бізді де шаршатты. Біз әр бөлмеге “суды үнемдеу қажет”,- деп жазатын болдық. Әр саяхатшы ваннаны 300 литр сумен толтырып, өкінішке орай оның 50 ін ғана пайдаланады. Сондықтан ваннаны себелекке айналдыру жұмысын да қолға аламыз.
Ал Барселона маңындағы Ель-Вендрель қаласы қонақүй мен жеке сектордағы бассейндердің су көлеміне қатысты жаңа шектеулерді жариялап үлгерді. Жергілікті биліктің талабына сай бассейндердің тереңдігі енді 2 метрден аспауы тиіс. Құрылыс компанияларың да бұл шектеулерді қатаң ескергені абзал.
ИТАЛИЯДА ГАРДА КӨЛІ ТАРТЫЛЫП ҚАЛДЫ
Дәл осындай жағдай 70 жыл бұрын болған екен. 50 сантиметрге төмендеген көлдің тереңдігі 3,5 метрді құрап отыр. Құрғақшылықтың салдарынан елде егістік алқаптар азайып, 300-ге жуық ферма су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Жергілікті билік бірқатар өңірде төтенше жағдай жариялады.