Исламша әлем аруы, ол қандай?
|
«Әлемнің мұсылман аруы» – мұсылмандар көп шоғырланған, халқы тығыз орналасқан Индонезияда жыл сайын өтетін, әлемнің барлық түкпірінен қатысамын деген мұсылман әйелдеріне есігі ашық байқау. Әбден қалыптасып дәстүрге айналған әдеттегі әлем аруы байқауынан көптеген айырмашылығы бар: ең алдымен, әйелдің сыртқы сымбаты емес, дінге беріктігі, адами қасиеттері, қоғамға тигізер пайдасы ескеріліп, бағаланатын болады. Аталмыш шара әйел сұлулығына қатысты осы заманғы жаңсақ түсінікке тойтарыс беріп, діни және адами құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Мұсылман әйелдерінің жігерін жанитын аталмыш байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Іріктеу кезеңінде онлайн режимінде қатысуға өтініш береді, шариғат шәлісінің пайдасы жайында шығарма жазады, өзінің жетістіктерін тізбелейді, қоғамдық белсенділігі турасында баяндайды. Бұлардан бөлек, видео арқылы өзін таныстырып, отбасынан мағлұмат береді және қасиетті Құранды оқу мәнерін, шешендік өнерін, креативтілігін көрсетуі тиіс. Ақырғы мәреде олардың рухани деңгейі, ислам дінін қаншалықты танығаны сарапқа салынады. Байқауға қатысып, бағын сынаушылар түрлі жарыстарда өздерінің жан сарайының әдемілігін паш етуі тиіс. Өткен жылғы байқауда олардың біреуіне балиғат жасына толмағандарға арналған түзету мекемесіне барып, жетімдерді тәрбиелеу, медициналық тексеруден және психологиялық тестен өту арқылы өзінің интелектісі мен қабілетін таныту сынақтарынан өтуге тапсырма берілген болатын. Сондай-ақ, байқауға қатысушының қолына 1000 доллар ұстатып, лашықта күнелтетін әйелдерге үш сыйлық алуды тапсырған. Ақырғы мәреге жеткен 20 әйелден 8 аталым (бас жүлде, екінші орын, үшінші орын, қасиетті Құранды нақышына келтіріп оқушы, өте талантты мұсылман әйелі, жігеріңді жанып, қиялыңа қанат бітіретін әйел, ең белсенді әйел және көрермендер көңілінен шыққан әйел) бойынша жеңімпаз атанады. Байқаудың шарты бойынша екі аталым жетім өскен қыздарға (байқауға қатысқан) беріледі. Бас жүлде – нұрлы Мекке шаһарына жолдама. 2011 жылы «әлемнің мұсылман аруы» атағына ие болған Сингапурдың технологиялық университетінің 23 жастағы студенті, индонезиялық Дика Рестияни балалардың білім алу мәселесімен айналысатын «Пеланги» еріктілер қозғалысының белсендісі болса, 2012 жылы индонезиялық Нина Септиани әдемілігімен әлемді тамсандырған әйел ретінде бас жүлдеге лайық деп танылды. Ал 2013 жылы – нигериялық Обабийи Айша Әжібола, мұсылман мектебінің 21 жастағы шәкірті. Өткен жылы, яғни, 2014 жылы бас жүлдеге компьютерлік ғылым саласында жұмыс істейтін тунистік ғалым Фатима бин Әжібола ие болды.