Ислами банкинг ұлтшылдарды шамдандырды
|
Үндістанда көп ұзамай тұңғыш рет ислами банкинг пайда болады. Дәлірегі, Гуджарат штатында. Аталған елде ислами қаржы жүйесі ашылмай жатып, яғни, әлден бұл жобаға наразылық білдірген ұлтшылдар барлық инстанцияға шағым түсіруде. Ислам банкингін аштырмауды талап етіп. Үндістанда Ислами даму банкінің бөлімшесінің ашылу күні айтылған жоқ, десе де, үнділердің билік басындағы ұлтшылдық бағыттағы партиясының мүшесі Бхаратия Джаната түсінен шошып оянғандай өретүрегеліп, аштырмау үшін нақты әрекетке көшсе, жоғары лауазымды саясаткер Субраманиан Свами бұл жобаның секуляризм қағидаттарына қайшы келетінін алға тартып, желеу етуде. Ол ол ма, парламент депутаттары Үндістанның Орталық банк басшысы Рагурама Раджананы ислам банкингінің ашылуына рұқсат бергені үшін орнынан кетуді талап етуде. Бұл жайында «The National» ақпарат көзі хабар таратты. Бұл елде мұсылмандар азшылықты құрайды дегенімен діндес бауырларымыздың қарасы 180 млн-дай болады. Сол себепті, ислам банкингі үнді мұсылмандары үшін ауадай қажет жоба болып табылады.