Ислам спортқа қалай қарайды?
|
Мәскеу қаласының Мұсылмандар діни басқармасының және «Мәскеу мүфтияты» орталық аймағының жанындағы жастар пікірталас клубының мәжілісінде «Ислам және спорт» тақырыбы талқыланды. Аталмыш жиынға имамдармен қатар чемпиондар да қатысып, өз ойларымен бөлісті. Осы мәжілісте сөз алған «Мәскеу мүфтиятының» жастар ісі жөніндегі бөлімінің жетекшісі Рамис Жақыпов спорттың адам өміріндегі маңызына тоқталды. Сондай-ақ, ислам дінінде адамның тән саулығына ерекше мән берілетінін де тілге тиек етті. Ислам есімді хазірет ислам дінінде қандай спорт түрлеріне рұқсат берілгенін және қандай түрлеріне тыйым салынғанын сөз етті. Мәселен, бокс секілді спорт түрінде адамның жазым болу, мертігу қатері жоғары болады. Жекпе-жек күш сынасу өнерінде адамның денсаулығына қауіп төндірмеу, жарақаттамау, зақым келтірмеу шарттарын тізбеледі. Ең бастысы, жарыста күш сынасқандардың бір-біріне жауықпау керек екенін баса айтты.