Ислам банктері пайдаға кенелуде
|
Катар, Индонезия, Сауд Арабиясы, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері және Түркия елдерінде ислами банкингтің тасы өрге домалап, табысы көбейіп келеді. 2018 жылы осы саланың жалпы жиынтық пайдасы 25 млрд долларға жетуі мүмкін. Ernst & Young консалтингтік компаниясының сарапшылары осындай пікір білдірді. Аталмыш компания мамандары ислами банк мекемелері активтерінің ислами емес банктерге қарағанда едәуір өсіп келетінін алға тартып отыр. 2018 жылы ислами банк активтері 3,4 трлн доллардан асып түсуі ықтимал. Бұған аталған елдер экономикасының жанданып келе жатқаны ықпал етпей қоймайтынын да айтып отыр.
Бір айта кетерлігі, соңғы уақытта ислами қаржы секторында бірігу, шоғырлану процестері жүріп жатыр. Аса ірі банктер өзінен төмен бәсекелес банктерді сатып алуда. Сондай-ақ, Оңтүстік-шығыс Азиядағы қарқын алып келе жатқан келешегі жарқын нарыққа шығудың жолдарын қарастырып жатыр.
Мәселен, Dubai Islamic Bank индонезиялық ислами Bank Panin Syariah банк акцияларының 25 пайызын сатып алуға ниетті екенін білдірді. Бұған қоса, Abu Dhabi Islamic Bank британиялық Barclays банктің операцияларына иелік етуге қол жеткізді.