Иранның орталығында темір кенінің жаңа әрі аса ірі қоры табылды
|
Иранның геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды барлау (GSI) жөніндегі жоспарлау басқармасының бас директоры Реза Жәдиди елдің орталық бөлігінде, соның ішінде Исфаһан, Йезд, Керман және Семнан провинцияларының аумағында жаңа темір кенінің ашылғанын хабарлады. Бұл жайында islam.kz порталы IRIB ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Оның келтірген дерегіне қарағанда, жаңа табылған темір кенінің қоры шамамен 3,3 млрд тоннаға жетеді. Осылай деген ол: «Иранның болат өнеркәсібі жыл сайын шамамен 100 миллион тонна темір рудасын тұтынатынын ескерсек, бізде елдегі темір кеніндегі қорға қатаң шектеулер бар», деп мәлімдеді. Елдегі осы уақытқа дейінгі барланған немесе белгілі болған темір рудасының қоры ішкі сұранысты 15 жылға ғана қанағаттандыра алатынын ескрсек, бұл кен орны шиғалар елінің қолын ұзартып, әлеуетін арттырады. Осы айдың басында Иран темір кені қауымдастығының (IROPEX) басшысы Мехрад Әкбариан елдегі темір рудасының қазіргі қоры теориялық тұрғыдан шамамен 2,8 миллиард тоннаны құрайтынын, алайда, нақты көрсеткіш одан да көп болауы мүмкін екенін, дәлірегі, 5 млрд тоннаға жетіп қалуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Осылай деген ол осы күнге дейін елде 500 мың тонна темір рудасының қоры өндіріліп, өңделгенін жеткізді. Пайдалы қазбалардың 81 түрі бар Иран әлемдегі пайдалы қазбаларға бай он елдің қатарына кіреді. Осыған байланысты Парсы елінің министрлер кабинеті елдің экономикалық өсуінің негізгі факторларының бірі ретінде тау-кен саласын ілгерілету үшін бірнеше бағдарламаны байыпты түрде жүзеге асыруда. Иран кеніштерінің жалпы дәлелденген қоры шамамен 60 миллиард тоннаға бағаланады, бұл көрсеткіш Индустрия, тау-кен өнеркәсібі және сауда министрлігінің 500 000 шаршы шақырымнан астам жаңа минералды аймақтарды барлау бағдарламаларын іске асыру кезінде 100 миллиард тоннаға жетуі мүмкін. Алайда, батыс елдері тарапынан ядролық бағдарламасына байланысты енгізілген экономикалық шектеулер мен санкцияға байланысты осынау орасан байлақты игеруде түрлі кедергіге жолығып отыр, атап айтқанда, қаржының, техниканың, құрал-жабдықтың, инвестицияның жетіспеушілігі қолбайлау болып отыр.
Ұқсас материал:
«Иран болат өндіруші 10 елдің қатарына кіреді» (https://islam.kz/kk/news/alem/iran-bolat-ondirushi-10-eldin-qataryna-kiredi-17876/#gsc.tab=0)