Ирандық қыз хиджабын шешкені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды (фото)
|
Ирандық құқық қорғаушы Саба Корд Афшари «хиджабты шешу арқылы жезөкшелікті таратқаны» үшін 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымда аталғандай, Иранда әйелдердің құқығы үшін күресіп жүрген 20 жастағы белсенді 24 жылға, оның ішінде хиджаб кию ережелерін бұзғаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылған.
Афшариді бір жыл бұрын тұтқындаған еді. Алайда, биылғы жылдың ақпан айында ол босатылды. Артынша белсенді өз ұстанымын ашық түрде білдіруін тоқтатпағандықтан, өзі және анасы қайта қамауға алынды.
Құқық қорғаушы бұған дейін сотты болғандықтан, бұл жолы анағұрлым қатаң жаза берілді.
Иран заңы бойынша әйел адамдарға қоғамдық орындарда хиджабсыз жүруге болмайды. Ол үшін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.