Иранда қабылданған жаңа заңға сәйкес жалаңаш жүруге үндегендер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады
|
Иран парламенті шариғат талаптарын сақтамағандарға қатаң жаза қарастырылған «Өнегелілік пен хижаб кию туралы» заң жобасын қабылдады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде The Guardian мерзімді басылымына жөн сілтеген Islam-Today ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, билік тарапынан мақұлданған бұл тараптағы заңнамаға сәйкес қоғамдық орындарда немесе бөгде ерлер жүрген жерде шариғат шәлісін тақпағандарға кемінде 800 долларға тең мөлшерде айыппұл салынып, 5 жыл бас бостандығынан айырылады. Ал ашық-шашық киінуді немесе жалаңаштанып жүруді, сондай-ақ, өнегесіз әрекеттерді насихаттап, дәріптегендерге 15900 долларға тең мөлшерде айыппұл салынып, 15 жылға дейін бас бостандығын айыру жазасы қолданылады. Бұдан бөлек, қоғам құндылығына сай өнегелі құндылықтарына елеулі зиян келтірген әйелдер өлім жазасына кесіледі. Біріккен Ұлттар Ұйымы Иран билігінен жаңа заңның күшін дереу жоюды талап етіп жатыр. Әйелдерге қарсы репрессиялық шараларға жол ашатын мұндай өрескел заңның халықаралық стандарттарға сай келмейтіндігі үшін.
Ұқсас материал: