Иран, Үндістан мен Ауғанстан үшжақты келісімге қол қойды (видео)
Иран, Үндістан мен Ауғанстан үшжақты келісімге қол қойды (видео)
9 жыл бұрын 3258 24.kz Ж.Атагелдиева, Ә.Толыбаев

Иран мен Үндістан және Ауғанстан елдері жаңа келісімге қол қойды. Ол Чабахар кемежайы арқылы транзиттік және көлік тасымалын дамытуды көздейді. Құжат өзге мемлекеттер үшін кең мүмкіндіктер ашады. Егер келісім күшіне енсе, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері үшін барыс-келіс арта түспек. Үшжақты келісімге қол қою рәсімі Тегеран қаласында өтті. Оған Иран мен Ауғанстан басшылары және Үндістан премьер-министрі қатысты. Құжаттың арқасында Дели мен Кабул тауарларын Ислам Республикасының Чабахар кемежайы арқылы тасымалдамақ. Еркін экономикалық аймақта қазірдің өзінде ауған елінің 130 компаниясы тіркеліп қойған.    Хасан Роухани, Иран президенті: - Қол қойылған құжат қандай да бір елге қарсы бағытталып отырған жоқ. Керісінше, ниет білдіріп жатқан мемлекеттермен ынтымақтастық жүргізуді көздейді. Келісім аймақтағы тұрақтылыққа өз септігін тигізеді деп үміт артып отырмыз. Ашраф Ғани Ахмадзай, Ауғанстан президенті: - Иран мен Үндістанға біздің елге сенім білдіргеніне алғыс айтамын. Бұл олардың Ауғанстанда тұрақтылық орнайтынына үміт артып отырғанын білдіреді. Құжаттың арқасында Ауғанстан үшін Үндістанға теңіз арқылы тікелей жол ашылып отыр. Ал үнділер Орталық Азияға шығуға мүмкіндік алады. Осы ретте Нарендра Моди Чабахар кемежайын дамытуға 500 млн доллар қаржы салуға ниеті барын айтты. Нарендра Моди, Үндістан премьер-министрі: - Бұл тек үш мемлекет үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін маңызды тарихи келісім болып отыр. Жалпы, Чабахар кемежайының өнеркәсіптік ауданында алюминий, болат құю және мұнай-химия кәсіпорындары салынып жатыр. Алдағы уақытта теміржол құрылысы да басталуы тиіс. Ол Чабахарды Иранның Захедан және Мешхед қалаларымен байланыстыратын болады.

0 пікір
Мұрағат