Иран Сирияны арзан мұнаймен жабдықтауды шектейді
|
Иран билігі әлемдік державалардың қақтығыс алаңына айналған Сирияны осы уақытқа дейін арзан мұнаймен қамтамасыз етіп келген еді. Өзінің саяси мүддесін жүзеге асыру үшін. Ендігі жерде арзан мұнаймен жабдықтауға шектеу қоятын шешім қабылдады. Дәлірегі, Сирияға жеткізілетін мұнай шикізатының бағасын екі есеге көтеріп жіберді. Бұл жайында islam.kz порталы Wall Street Journal мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұдан бөлек, Теһран Сирия билігінен энергиялық ресурс үшін ақы талап етіп, мұнайды кредитке беруден бас тартып отыр. Шиғалар елі мұндай қадамын қыс мезгіліндегі аталған ресурсқа деген сұраныстың өсуімен байланыстырып түсіндіріп отыр. Мұнайдың нарықтағы бағасы бір барреліне 70 доллардан асып барады. Мұнай, газ және мұнай-химия экспорттаушылар одағының Теһрандағы өкілі Хамид Хұсейн жағдайға түсініктеме бере келе Иранның қысымға ұшырап жатқанын, сондықтан Сирияға арзан мұнай сатуға негіз жоқ екенін мәлімдеді.