|
Иран радиофармацевтикалық өнімдер бойынша әлемнің жетекші еліне айналды
|
Сарапшылардың есебінше, өткен жылы радиопрепарат нарығындағы айналым 6972.1 млн долларға жеткен. Бұл жайында islam.kz порталы Еurasia Тoday ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл нарық 2034 жылға дейін 11635 млн доллардан асып түседі. 2024-2034 жылдар аралығындағы өсу қарқыны – орташа есеппен 3.40%. Радиофармацевтикалық дәрі-дәрмек – құрамында радиоактивті изотоп кездесетін молекула. Радиофармацевтикалық дәрі-дәрмек өндірісі бойынша Иран әлемнің ең жетекші үш елінің біріне айналған. Дәлірегі, ирандықтар осындай 70 дәрі шығарған. IRNA агенттігінің мәліметінше, ирандық мұндай дәрі-дәрмек елдегі 230-дан аса медициналық мекеменің және 6500-ден аса ядролық медицина орталығынығ қажеттілігін қанаттандырып отыр. Ең басты жетістігі – Иран соңғы бір жылда 15 елге радиофармацевтикалық дәрі-дәрмек экспорттап, 70 млн доллар мөлшерінде пайда тапты. Қазіргі уақытта мұндай дәрі-дәрмек диагностикада және онкологиялық аулурады емдеуде пайдаланылады. Десе де Иран радиофармацевтикалық дәрі-дәрмек өндірісі үшін кей шикізатты шеттен алдыруға, яғни, импорттауға мәжбүр. Мәселен, Ресейден изотопты импорттап, жылына 300 мың долларға дейін шығындалады. Осыған байланысты бұл тараптағы өндірістің толық кезеңін енгізудің қажеттілігі артып келеді. Иран нанотехнология секілді ядролық медицинаны дамытудың ғылыми жетістігін және экономикалық пайдасын ескеріп отыр. Иран таяуда Исфаһан қаласындағы Фараби емханасына екі салқын плазма қондырғысын пайдалануға берілді. Салқын плазма технологиясы Иранның өзінде әзірленген. Созылмалы жараны емдеуде тиімділігін танытқан бұл технология инвазивті емес медицинаны биік белеске көтереді. Мұндай аппарат бүгінгі таңда Иранның тоғыз медициналық мекемесінде орнатылған. Осы орайда радиофармацевтикалық дәрі-дәрмек нарығында тағы бір мұсылман елі елеулі ойыншыға айналып келеді. Ол – Малайзия. Оңтүстік-шығыс Азия еліндегі бұл нарық медициналық туризм индустриясының арқасында жаңа арнаға түскен. Ал радиофармацевтикалық дәрі-дәрмек нарығындағы басты ойыншы – Америка құрама штаттары өткен жылы 6,4 млрд доллар пайда тапқан. 2033 жылы бұл көрсеткіш 12,8 млрд долларға жетуі ықтимал.