Иран мен Пәкістан бір жылда 2,2 млн ауған босқынын еліне қайтарған
|
2023 жылдың қыркүйек айының 15-нен 2024 жылдың қыркүйектің 30-на дейін Иран мен Пәкістан 2,2 млн-нан аса ауған мигрантын еләне қайтарған. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Khaama.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл деректі Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы келтірген. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, аталған көрші елдер ауған босқындарына қысымды күшейткен. Бір ғана Иранның өзінен күн сайын жүздеген ауған босқыны еліне күштеп депортацияланады. Тіпті, елде қалуға рұқсат ететін заңды құжаты барлардыңң өзін отанына қайтарып жатыр. Иран билігі жыл аяғына дейін екі млн босқында елдеріне қайтаратынын мәлімдеді. Көрші елдердің мигранттарға қатысты қатаң саясаты өз кезегінде экономикасы шатқаяқтаған Ауғанстанға қосымша салмақ салып отыр. Осы жылдың шілде айының өзінде Пәкістан мен Ираннан 22 мыңнан аса ауған азаматын еліне қайтарылған. Жұмыссыздық, кедейлік, баспананың жоқтығы ауған босқындарын қиын жағдайға қалдырып отыр. Firstpost мәліметінше, тәліптер қозғалысы билік басына келген 2021 жылдың тамыз айынан бері Пәкістанға 600 мыңға тарта ауған босқыны келген. Оның алдында – 1979 жылдан бері елдегі азаматтық соғыстан, кеңес одағының, артынан америкалық контингенттің әскери жорығынан, ел арасындағы қарулы қақтығыстардан 40 жыл ішінде бірнеше млн ауған азаматы Пәкістанды паналап келген еді. Ал Иранға ауған мигранттары 1980-ші жылдардың бас кезінен келе бастаған. 2021 жылдың тамыз айына дейін Иран аумағында екі млн-ға жуық ауған босқыны паналады. Ал тәліптер билік басына келгеннен кейін Ирандағы ауған мигранттарының қарасы 3,5 млн адамға дейін өскен. Соңғы бір жылда Ираннан Ауғанстанға 1 млн-нан аса босқын депортацияланды.