Иран мен Израиль арасында соғыс басталуы мүмкін бе
Иран мен Израиль арасында соғыс басталуы мүмкін бе
7 жыл бұрын 5291

2015 жылы қаңтарда Израиль зымыраны Иранның солтүстігі арқылы Сирияға зымырап өтіп кеткен болатын. Салдарынан 7 адам қаза тапқан, олардың бірі – «Хезболла» ұйымының негізін қалаушы Джихад Мугния еді. Бұған жауап ретінде «Хезболла» Израильдің солтүстігіндегі ауыл-аймаққа оқ атып, 5 танкіге қарсы зымыран жіберген. Салдарынан екі Израиль азаматы көз жұмған. Дегенмен, бұл дау-дамай осы жерден тоқтап, Израиль мен «Хезболла» қырғи-қабақ қатынаста өмір сүруін жалғастыра берген еді. Ал арада 3 жыл өткен кезде Иран-Израиль арасындағы қатынас қатты нашарлап кетті. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Биылғы жылғы соғыс тек «Хезболла» ұйымымен емес, Иран Ислам республикасы мен Израиль арасында басталып кетуі мүмкін. Бұл екі мемлекет үшін Сирия келіспеушілік және бәсекелестік алаңына айналды.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранның ядролық қару жасап жатқанын әшкере қылуға дайынмын деді. Оның айтуынша, Тегеран жасырын түрде ядролық қару жасап, құпия кешенде «атом қорын» сақтап отыр.

«Бүгін мен сіздерге маңызды ақпаратты жеткізу үшін келіп отырмын. Иран ұзақ уақыт бойы өтірік айтып келді. Тегеран ядролық қару жасауын доғарар емес, оған Израильдің маңызды дәлелі бар. Бұл Израиль тыңшылығындағы маңызды қадам», - деді Биньямин Нетаньяху Тель-Авивтегі сөйлеген сөзінде.

Ағылшын тілінде сөйлеген Нетаньяху 2015 жылы халықаралық пакт жасалғанымен, Иран құпия файлдарды жасырын түрде былтырғы жылы жаңғыртып, Тегеранда ешкім білмейтін құпия кешенге жеткізген. Нақтырақ айтқанда, Израиль премьер-министрі бұл файлдарды Шорабад ауданындағы кешенде жасырып отыр. 100 мың файл ядролық қаруға қатысты құпия диаграммалар, суреттер, видео және сызбаларды сақтап қалған.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео: «Вашингтон бұл құжаттар туралы бұрын білген болатын, алайда ол құжаттың бәрі жалған. Дегенмен, Иранның өтірік айтқаны рас, сондықтан бүкіл әлем бұған куә. Иранға енді сенім артуға бола ма деген екінші сауал туындап отыр», - деді.

Ал Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Арагчи Нетаньяхудың сөздерін «күлкілі» әрі «кішкентай баланың айыптауы» деді. «Біз Нетаньяхудың сөйлеген сөзін көрдік. Ол алдыңғы жылдардан бері жасап отырған балалардың ойыны сияқты сөздерін жалғастыра беруде. Біз маңызды құжаттарды айдаладағы ауданға апарып, белгісіз бір кешенге тыға салмайтын шығармыз» деді Арагчи.

Ал өз кезегінде Ақ үй: «АҚШ Израиль жариялаған жаңалықты біледі. Иранда өте қуатты, құпия ядролық қару бағдарламасы бар. Тегеран оны бүкіл әлемнен жасырып отыр, тіпті, өз халқы да бұл бағдарлама туралы білмейді. Иран өз көршілері мен өзге мемлекеттерге қарсы бұл қаруды қолдана алмайды, сондықтан біз бұл тақырыпты мұқият зерттейміз» деді.

Президент Трамп болса, Нетаньяхудың сөзіне қос қолдап шапалақтап, оның 100 пайызға дұрыс айтып отырғанын білдірді. «2015 жылы Барак Обаманың кезінде АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия мемлекеттерімен Иран ортақ пакт жасап, ядролық қару бағдарламасының көзін жойған болатын. Сол үшін де халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер санкцияларын доғарған. Дегенмен, жеті жылдан соң бұл пакт күшін жояды. Демек, Иран жақын арада осы құжат күшін жоя сала, ашық түрде ядролық қару жасай береді. Мұны тоқтату керек» деді Дональд Трамп.

Айта кетерлігі, 12 мамырға дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты пактіні жалғастыра ма, жоқ па, жауап беруі тиіс. Себебі, ортақ пактіден АҚШ шығып кетсе, Иранға қатысты санкциялар жалғасын табады.

Еске сала кетейік, Нетаньяху Иранды жылдар бойы Амад құпия жобасын жасады деп айыптап келеді. Яғни, бес ядролық қарудың әрқайсысының қуаты Хиросимоға Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тасталған жарылғыш заттың қуатынан бес есе жоғары дейді Нетаньяху. Дәл осы Амад жобасын Тегеран құпия түрде ұстап отыр деді өз сөзінде премьер-министр.

0 пікір
Мұрағат